Қазақстан билігі елдегі ең ірі мұнай кен орны саналатын Теңіз кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясына экологиялық талап қойды.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, Атырау облысының экология департаменті шілде айында жоспардан тыс тексеру жүргізіп, компания өндіріс қалдықтарын сақтау талаптарын бұзған деген қорытынды жасаған.
Экология департаменті кәсіпорын тиісті экологиялық рұқсатсыз және белгіленген шекті мөлшерден артық қалдық жинақтаған деп отыр. Алайда тексеру қорытындысына келіспеген «Теңізшевройл» сотқа дейінгі шағым беру рәсімін бастағанын хабарлады.
Компания өз қызметін мемлекеттік органдар бекіткен талаптар мен рұқсаттарға сәйкес жүргізіп келе жатқанын мәлімдеді. Сотқа дейінгі шағым беру рәсімі аяқталғанша, заң бойынша, компанияны әкімшілік жауапқа тартуға болмайды.
Бұл «Теңізшевройл» компаниясының Қазақстан билігімен алғашқы экологиялық дауы емес. Жылыой аудандық сотының 2026 жылғы 20 сәуірдегі шешімімен компанияға ластаушы заттарды нормадан тыс шығарғаны үшін 53,7 млн теңге (шамамен 113 млн доллар) айыппұл салынған.
Қазақстан кейінгі жылдары мұнай-газ жобаларына экологиялық бақылауды күшейтіп келеді. 2023 жылы үкімет Қашаған кен орнының операторы North Caspian Operating Company компаниясына күкірт сақтау мәселесіне байланысты шамамен 5 млрд доллар көлемінде талап қойған. Бұған келіспеген North Caspian Operating Company халықаралық төрелік сотқа жүгініп, қазір ол дау қаралып жатыр. Қазақстан оның немен аяқталатынын күтпестен экологиялық айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алуға кіріскен. Биыл шілде айында Қазақстан билігі компанияның мүлкіне шектеу салынғанын хабарлады.
«Теңізшевройл» компаниясы акционерлері қатарында америкалық Chevron (50%), Exxon Mobil (25%), қазақстандық «ҚазМұнайГаз» (20%) ұлттық компаниясы және ресейлік Lukoil (5%) бар. Компания Теңіз кен орнын игеру лицензиясын 2033 жылдан кейінгі мерзімге ұзарту мәселесі бойынша Қазақстанмен қазір келіссөз жүргізіп жатыр.






