19 қазанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Самарқанға сапары барысында Өзбекстан АҚШ бастаған ғарыш саласындағы «Артемида келісіміне қол қойды. Келісімге Өзбекстан жағынан елдің сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов қол қойды.
Өзбекстан ғарышты бейбіт мақсатта игеру және пайдалану жөніндегі «Артемида келісіміне» қосылған 77ел атанды.
«Артемида келісімі» 2020 жылғы 13 қазанда, АҚШ президенті Дональд Трамптың бірінші мерзімінде іске қосылған. Ол кезде оған АҚШ-тан бөлек Австралия, Канада, Италия, Жапония, Люксембург, БАӘ және Ұлыбритания қол қойған.
2020 жылы АҚШ, NASA мен АҚШ Мемлекеттік департаменті және тағы жеті мемлекет бастамашы болған бұл құжат Ай мен Марсты игеруге қатысты практикалық қағидаттардың алғашқы жинағын белгілеген. Әлем елдерінің шамамен 40 пайызы қазір NASA-мен бірлесіп, ғарышты игерудің ашық әрі қауіпсіз тәсілін қалыптастыруға қатысады. Сондай-ақ 1967 жылғы Ғарыш кеңістігі туралы негізгі шартқа қол қойған елдердің шамамен үштен екісі «Артемида келісімдеріне» де қосылған.
Бастапқыда шағын бейресми коалиция болған бастама 2024 жылы қабылданған Қатысушылар тобының жұмыс тәртібіне (Signatories Group Method of Operations) негізделген құрылымдық қауымдастыққа айналып келеді. Осы шеңберде топ жылына екі рет — техникалық семинар мен Халықаралық астронавтика конгресі (IAC) аясындағы басшылар кездесуі — жиналады, сондай-ақ жыл бойы виртуалды сессиялар өткізіледі.
Келісімге қатысушы елдер кедергісіздік, өзара үйлесімділік, ғылыми деректер алмасу және тіркеу практикасы бойынша келісілген жұмыстарды атқарады. Құжатқа қосылушылар бейбіт әрі ашық зерттеу жүргізуге, көмекке мұқтаждарға жәрдем беруге, ғылыми деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге, басқалардың қызметіне кедергі жасамауға және тарихи маңызы бар нысандар мен артефактілерді үздік тәжірибелер арқылы сақтауға міндеттенеді. NASA алда тағы да бірқатар елдердің «Артемида келісіміне» қосылуы мүмкін деп есептейды.







