Қазақстанда шоғырланған деп хабарланған хакерлер тобы биыл Ресейдің мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) шабуыл жасап, сонымен бірге Ресей қалаларының біріндегі әкімдік жүйесін бұзған. Бұл жөнінде зерттеу материалына сүйенген Reuters агенттігі жазды. Қазақстанда бұл жаңалықты Азаттық радиосы хабарлап отыр.
Reuters агенттігі бұл оқиғаны «кішірек көрші елдің Мәскеуге қарсы жасаған кибертыңшылығына сирек мысал» деп сипаттайды.
Агенттіктің мәліметінше, Cisco компаниясының зерттеушісі Чи-энь Шен мен Recorded Future киберқауіпсіздік компаниясының маманы Джулиан-Фердинанд Фогеле бірлесіп әзірлеген есепте Silent Lynx («Ізсіз сілеусін») хакерлік тобының «Қазақстанда орналасуы ықтимал» екені жазылған. Бұған дейін бұл топ Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік ұйымдардың жүйелерін де бұзған.
Зерттеушілердің мәліметінше, Silent Lynx көбіне «мақсатты фишинг» (spear phishing) әдісін қолданады. Хакерлер маңызды құжаттарға ұқсайтын тіркемелері бар электронды хаттар жібереді. Пайдаланушы сол файлдарды абайсызда ашқан жағдайда, оның құрылғысына зиянды бағдарлама жүктеледі.
Джонс Хопкинс университетінің Халықаралық зерттеулер жөніндегі жоғары мектебінің докторанты Олег Шакировтың пікірінше, бұл мәселе кибертыңшылықпен тек жетекші кибердержавалар ғана айналыспайтынын көрсетеді. «Басқа елдер де өз мүмкіндіктерін біртіндеп арттырып келеді,» — деген ол Reuters агенттігіне.







