Журналист Асылхан Мамашұлы «Әділет» партиясына қосылған Amanat партиясы мүшелерінің мәжілісті отыруының заңдылығын анықтау үшін Конституциялық сотқа арыз жолдады.
Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлап, арызының көшірмесін жариялады.
Журналист 2023 жылы сайланған мәжілістегі 98 мандаттың 62-сіне Amanat партиясы ие болғанын айта келіп, ұйым мұны өзіне көрсетілген “халық сенімі” деп атағанына назар аудартады.
«Биыл, маусымның 12-сіне «Аманат» партиясы сиез өткізіп, Мәжілісте мандаты жоқ «Әділет» партиясына қосылатынын, өз атауынан және сол атау бойынша қоғамдық ұйым ретіндегі қызметінен бас тартатынын жариялады.
Маусымның 14-іне «Әділет» партиясы сиезінде «Аманаттың» өтінішін мақұлдады. Бұл жиынға «Аманат» партиясының өкілдері де қатысып, растады.Маусымның 14-іне «Егемен Қазақстан» газеті мен өзге де БАҚ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдағанда Қошановты «Аманат» партиясының “бұрынғы төрағасы” деп көрсетті. Мұндай ақпарат «Аманат» партиясында төраға лауазымы да жойылғанын, партия жарғысы іске аспай қалғанын аңғартты», — дейді Асылхан Мамашұлы.
Бұған қоса аталмыш ұйымның Астанадағы бас кеңсесі мен өзге де өңірлеріндегі кеңселері «Әділет» партиясының меншігіне өткеніне меңзеген журналист мұның бәрі Amanat партиясының іс жүзінде жойылғанын және осы саяси ұйымның мәжіліске дайындаған немесе дайындап отырған мемлекеттік маңызы бар құжаттарының “Әділетке” өткенін білдіреді деп есептейді
Асылхан Мамашұлы өзінің талап арызын былай тізбелейді.
«Кез келген партияның өзге қоғамдық ұйымдармен қосылуына, өз-өзін жоюына заңда тыйым жоқ. «Аманат» партиясы да өз-өзін заңға сәйкес жойды. Енді әрі қарай да заңға және партия мен депутат этикасына сәйкес әрекет жасап, Мәжілісте иеленіп отырған 62 мандатты Орталық сайлау комиссиясына дереу қайтарып беруге, Мәжілістен толық кетуге тиіс. Ол мандаттарды 2023 жылғы мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша қайта есептеп, басқа үміткерлер мен партияларға беру қажет. Рас, ҚР Азаматтық кодексінің «Заңды тұлғаны қайта құру туралы» 45-бабында көрсетілгендей, Бизнес сәйкестендіру нөмірлерінің (БСН) ұлттық тізімінде өзгергенге дейін ұйым «қызметі тоқтады» деп есептелмейді. «Әділет» партиясы да осы бапты меңзеп, «толық қосылып біткенше «Аманат» партиясы заңды тұлға ретінде өмір сүре беретінін» мәлімдеді. Яғни “Аманаттың” БСН-і ғана қалған. Ал бұл – партиялардың мәжіліс мандатын ұстап отыруына жеткіліксіз,»- деп жазған журналист.
Ол партияның сайлауда «БСН-ін» емес, «Аманат» партиясының логотипін көрсеткенін, сайлау бюллетеніндегі логотип тұсына белгі қойып, дауыс беруге шақырғанын ескеру керек деп есептейді.
«2023 жылы халық сенімі ретінде депутат мандатын ала тұра, мандат мерзімі аяқталғанын күтпей өз-өзін жоя тұра жалғыз БСН-ін желеу етіп мандатын қайтармау – сайлаушы — халықты алдау болып саналады және “билікті заңсыз иелену”, “басып алу” немесе “басып алуға оқталу” баптарымен қарастырылатын аса ауыр қылмыстық салдарға соқтырады»,- дейді журналист.
«Егер мандат қайтарылмаса, онда 2023 жылы сайлау кезінде өмірде болмаған «Әділет» партиясына «Аманат» партиясының «БСН-і» арқылы мемлекеттік жоғары заң шығару органының жұмысына заңсыз араласуына мүмкіндік берілетін болады. Бұл — сайлау заңнамасын өрескел бұзу, халықтың әділ сайлауға, мемлекеттік билікке деген сенімін одан сайын азайту,-» деп қосқан Асылхан Мамашұлы.
«Аталған жайттарды ескере отырып, “Аманат” партиясының әрекетіне Конституциялық құқықтық баға беруді, теріс деп тапқан жағдайда Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын таратуға негіз болатын Конституциялық сот қаулысын шығаруды, не болмаса маусымның 12-сінен 1 шілдеге дейінгі Мәжіліс жұмысын заңсыз деп тануды, сол арада қабылданатын барлық құқықтық — нормативтік актілердің күшін жоюды және мандатын тапсырмай, Мәжілістің легитимділігіне нұқсан келтірген «Аманат» депутаттарына мандатын тапсырған соң құқықтық шара қолдану туралы тиісті органдарға қатынас жолдауды өтінемін,»- делінген журналист Асылхан Мамашұлының Конституциялық сотқа жолданған арызында.







