Санкт-Петербургтегі ТМД елдері басшыларының бейресми басқосуынан келе салып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптесі Дональд Трамппен сөйлесіп, Украинадағы бітім жайында қозғаған.
Ресми мәліметке қарағанда, телефон сөйлесуінде қос президент күн тәртібінде тұрған екіжақты қатынас және халықаралық ахуал, соның ішінде Украина мәселесін талқылаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруға ниетті екенін айтқан Бұл сөйлесудің алдында Қазақстан президенті Ресей басшысымен кездесу өткізіп келген болатын.
Қазақстан Президенті Украина қақтығысын реттеудің күрделі сипатына назар аударды делінеді. Өйткені бұл шиеленісте территориялық келіспеушілік басты мәселеге айналып отыр. «Сондықтан қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, екі жақтың мәмілеге келуі маңызды» делінген ресми хабарламада.
Қазақстан президентінің айтуынша, Астана қақтығысқан тараптарды төзімділік, икемділік және кәсібилік танытып, бейбітшілік формуласын іздеуді жалғастыруға шақырады. Бұл ретте Қазақстан араағайын емес, бірақ қажет болған жағдайда келіссөз алаңын ұсынуға дайын екендігі хабарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың көшбасшылық қасиеті арқасында бірқатар халықаралық әскери қақтығыс тоқтап, АҚШ-тың ішкі әлеуетін күшейтуде оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.
Бұған қоса Қазақстан басшысы Америка президентін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырған.
Дональд Трамп болса, әлеуметтік желіде Қазақстан және Өзбекстан басшыларын келесі жылы Майами қаласында өтетін G20 саммитіне қонақ ретінде шақырғанын хабарлаған.





