Құрметті ағайын!
Жақында ғана депутат Сайыров Пакистандағы босқын қазақтардың жағдайы жөнінде видеоүндеу жариялады. Мен бұл тақырыптың ресми қозғалғанына қуаныштымын және де тақырыпты әлеужелінің желбуаз әрекетіне айналмай нақты нәтижелі болуына мүдделі адам ретінде шығып отырмын. Бірақ 2021 жылдан бері екі бірдей 7 және 8 екі сайланымда үзбей мандат ұстап отырған депутаттың енді ғана шырт ұйқыдан шошып оянғандай әлеужеліге бас салғаны онша үміт туғызбай отыр. Әсіресе, Пәкстандағы босқын қазақтар есебінен ұпай алу сияқты пиғылдар қылтияды. Осыған қатысты мәселенің шынайы сипатын ашуды жөн санадым.
Құрметті депутат Ерлан Биахметұлы, бір жағынан бұл тақырыпты қолға алғаныңызға ішім жылып отыр, екінші жағынан бұл мәселені осыдан 3 жыл бұрын көтеріп, онлайн конференция өткізгенімізде де депутат едіңіз ғой. Мәселе сол кезде де осындай еді, Сол мәслихатқа 7 елдің қазақтары қатысып, соның ішінде Пәкстан, Ауғанстан, Иран, Сауд Арабиясындағы қазақтар өз мәселесін ортаға салғанда, сіздей мықты депутатты таба алмадық. Сол онлайн конференцияда Пәкстандағы босқын қазақтардың атынан сауатты Хамит Тадаш Жорабай сөз сөйледі.
Оның айтуынша, олар Ауғанстандағы елшілікте болып, консулға құжат тапсырған, консул орысшаға аударуды талап еткен. Мемлекеттік тілді белінен бір сызып тұрғаны өз алдына, ақыры ол консул жауапсыз қалған да, босқындардың халын ешкім сұрамаған. Бұл мемқызметті аяқасты ету ғой. Сол консул қайда? Кім енді оның салғырттығын сұрайды? Осының бәрін дұрыстап тексермей, тергемей, әлеужеліге бас салғаныңыз, арзан блогердің қылығы емес пе?! Содан бері 3 жыл өтті. Үш жылдан бері сол 300 қазақты жоққа шығарып келген Сыртқы істер министрлігіне Сіздің үндеуіңіз дауа болып құлақтарының ашыла қойғанына үлкен күмән бар.
Бұл конференцияны Парламент мәжілісінің тап қасындағы «Алтын орда» бизнес орталығында өткізіп, біраз ұлтшыл азаматтар қатысқан. Сол конференцияның қарарын таратқанда, Үкіметтен де, Сыртқы істер министрлігінен де, парламенттен де ешкім бүлк етпеді. Ол конференцияны, Пәкстандағы 300 босқын қазақтың жайын сол 2022 жылы 1 шілдеде Мәжілістегі талай депутаттар, тақия кигені де, шапан жапқаны да, үкі таққаны, домбыра тартқаны да, бокс қолғабын кигені де, блогері де, артисі де, популисі тыңдады, көрді, білді. Бірақ бәрің де 3 жыл бойы көрпенің астынан сығалап келдіңдер.
Осы шарадан соң Сыртқы істер министрлігі апыл-ғұпыл түрде Шетел қазақтарымен жұмыс жөніндегі басқарма құрды, онда отырып біреулер айлық алып отырған болар, бірақ оның жұмысы мардымсыз. Оны кім талап етеді, депутат болмаса?!
Содан бері талмастан Ауғанстан қазақтарының мәселесімен айналыстық. Жомарт Жеңіс деген этнограф-ғалым 2023 жылы Ауғанстанға екі рет этнографиялық экспедиция жасап, қыруар жәдігер тауып келді, одан ғылыми бір кітап шығарды.
2023 жылы желтоқсан айында бір ай бойы Ауған қазақтарының 60 кілемін алдырып, Ұлттық мұражайда көрме өткіздік. Сонда неге келіп, сол көрмеге бас сұқпадыңдар? Сол кезде Пәкстанға босқан ауған қазақтарының жайы жан күйдірмегені қалай? Ол көрме әлеужеліде елді шулатты, таңырқатты, таңдай қақтырды. Халқымыздың кілем тарихын тереңдетті, кеңітті. Бірақ оған Мәдениет министлігі тарапынан ешбір реакция болмады.
Ал Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі не ҚР Сыртқы істер министрлігі 60 кілемді әкеліп әкетуге қол ұшын бермей, әлгі қазақ кәсіпкер қыруар қаржысын жолға шығындады. Тарихи отанына үлес қосқысы келген Нәсім Найман 50 мыңдай доллар текке жұмсады. Сол көрмені дипломатиялық жолмен мәдени мұра ретінде тегін өткізіп, ауғандық қазақ кілемшілерін қолдауға, Қазақ-Ауған ара қатысын өрбітуге не кедергі болды? Сол кезде депутат Ерлан Саиыров қайда болды? Ол кезде де тик-ток әлеу желісі болды. Енді шырт ұйқыдан шошып оянуға не себеп, депутат мырза? Хайп қуған блогер емессіз, журналист емессіз. Бірнеше жылғы тәжірибесі бар депутатқа тән байсалды қимыл-әрекет керек емес пе?
Құрметті Мәжіліс депутаты Ерлан Биахметұлы! Сіз елдегі биліктің ең жоғарғы органының мүшесісіз. Сіздің қолыңызға сайлаушылар, яғни қазақ халқы арнайы мандат берді. Ал сіз неге сайлаушылар немесе халқым деудің орнына, блогер құсап «қауым» деп халықты төмендетесіз? Қауымның не екенін сіз жақсы білесіз. Өйткені, социологсыз, политологсыз ғой.
Бұл мәселені шешуге тик-токсыз да, қауымсыз да, қолыңызда толық құзыр мен көзір бар. Оның үстіне президент Тоқаевтың бастамасымен парламентке бұрынғыдан да үлкен құзырет пен еркіндік берілді. Үкіметті де, Сыртқы істер министрлігін де, Миграция комитетін де бұрышқа тұрғызып қоюға толық мүмкіндік бар.
Сіз Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесісіз, парламенттегі «Аманат» партиясынан құралған фракция өкілісіз, одан қалды шетелдегі қазақтармен айналысуға құрылған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бар, осының барлығы бола тұра, неліктен күйбең тіршілігін қамтудан қолы тимей жүрген жұрттан қолдау сұрап отырсыз? Абсурд қой! Әлгі аталған мемлекеттік органдар елдің мәселесін шешпесе, депутаттың сауалын орындамаса, бетімен кеткені ме? Неліктен осы сала бойынша мамандар мен сарапшыларды, қайраткерлерді, белсенділерді жинамайсыз, неге ақылдаспайсыз? Саясат жалғыз шауып бәйге алатын той емес екені белгілі.
Блогер болып әлеужелімен мәселе шешетін болсаңыз, мандаттың сізге не керегі болмақ? Тақырыпты талғажау етіп, хайп жасамай-ақ көтеруге болмай ма? «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген бар. Сіз неге жерге қарайсыз? Бірігіп шешейік. Осы бойынша жүргендермен санасып бірігіп нәтиже шығарайық.
Мен сізге ұрынғым келіп отырған жоқ, бір жағынан мәселені шығарғаныңызға қуанып отырмын, екінші жағынан шеттегі қазақтарды босқын деп БҰҰға мәртебе жасатып алып, мәселе шешейік деген оспадар идеяңызға күйініп отырмын, ол елді масқаралау ғой! Қазақ елі не үшін, кім үшін мемлекет болып отыр, шетелдегі қазақтарға босқын мәртебесін әперу үшін бе? Жер бетіндегі қазақты жинап-теріп ел болу үшін емес пе?!
Неге тікелей Пәкстанға, Ауғанстанға шығып мәселені төтесінен шешпейміз? Біз деген дипломаттар елі емеспіз бе?! Қазақ-Ауған-Пәкстан ара қатынасы қазыр жақсарып келеді. Олармен бірігіп жол салмақпыз, экономика көтермекпіз. Сонда сол елдердегі қазақтарымызды неге мөлитіп қойуымыз керек? Неге Сыртқы істер министрлігі, Миграция органдары «Ауғанстан мен Пәкстанда қазақ жоқ, бәрін көшіріп алдық» деп өтірікті бөсіп отыр? Соны неге көтермейсіз? Неге Қазақстанда қазақтардың көбейуінен кейбір топтар шошып отыр? Соны неге тергемейсіз?
Ауғанстанда қазақ болмаса таудағы, тастағы мал баққан қазақтар киізүймен не істеп жүр? Көктен түсті ме? Ауғанстанда қазақ болмаса Қазақ мәдени орталығын кім ашып берді? Қазақстан елшілігі ме? Әлде астыртын топ па? Сол Қазақ мәдени орталығының жетекшісі Асадолла Оймауытпен байланысып, анықтаңдар. Оның 11 қала мен аудандардан жинап отырған қалың қазақты тексертіңдер.
Шетелдегі қазақтардың қазақтығын дәлелдеу деген сорақы ережені қашан түзетеміз? Германияға немістер неге ың-шыңсыз жиналды? Израил шетелдік ебрейлерге арнап, неліктен арнайы министрлік құрып кірісті? Ал біз неге шетелдегі 7 миллион қазаққа арнап бір комитет құра алмаймыз? Осының бәрін сауатты етіп көтеретін блогер емес, сайлаушылардан мандат алған сіз секілді депутаттар.
Бұл 300 босқынның бұған дейін кейбірін генетикалық жағынан тексергенмен, онымен қазақ екенін дәлелдей алмаймыз. Пәкстан босқындарының оншақтысы ондай тексеруден де өтті, нәтиже болмады. Оның бәрі далбаса. Екіншіден, біздің миграциялық ережеде шетелдік қазақтарды ДНКмен тексеруге қатысты ешбір бап жоқ. Жалпы шетелдегі қазақтардың жағдайын тиянақты қарап отырған мемлекеттік орган жоқ. Болса бұндай былық болмаған болар еді. Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған «Отандастар» қоры бар, оның да міндеті мен құзыры түсініксіз.
Тіпті ауған қазақтарын елге келгеннен кейін де Миграция қызметкерлерінің қуғындағанына куә болдық. Ауғанстан тәліптер билігіне өткенге дейін Сәми Атағұл деген жас қазақ жігіті Қабыл қаласының бір ауданындағы ауыл әкімдігінде әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі әкімнің орынбасары болған. Тәліптер билікті басып алғасын, ол амалсыз Ауғаннан кетіп, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы (Джидда қ.) Елшілігінде 6 ай аудармашы болып қызмет еткен. Сәми қазақ тілінен басқа парсы, пуштун, араб, ағылшын, француз, хинди, урду тілдерін игерген, 8 тіл білетін азамат. Қазақстанда туыс ағайындары болғандықтан, Сәми Атағұл 2023 ж. қазан айында ата жұрты – Қазақстанға туристік визамен келіп, Ақмола облысына тұрақтап, қандас куәлігін алған. Бірақ оны «визаң бітті» деп Ақмола облысының миграция қызметкерлері Ауғанға ұшатын ұшаққа оны лақша зорлап салып жібере жаздады. Ол әлі күнге Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Оның күйін әріптесіңіз Қазыбек Иса жақсы біледі.
Айтайын дегенім, Ерлан Биахметұлы, бұл мәселе блогерлік постпен шешілмейді. Бұны ресми саясатшыға тән депутат ретінде тиісті жауапты тараптардың бәрін жинап, түпкілікті, жүйелі түрде заңды өзгертіп, шешу керек. Ал біз секілді жанашырлар, мамандар, сарапшылар Сізге қол ұшын беруге әзірміз. Сіздің құлағыңызға ілген Сыртқы істер министрлігінің лағманынан нәтиже болмайды. Өйткені, шетелдік ағайынға қазақтығын дәлелдеу деген шытырман талап босқын қазақтарды қазақ деп тануға жол бермейді. Ол ереже нақты емес, критерилері әрі-сәрі. Бұл мәселені шешуге арнайы заңжоба керек, құрметті депутат. Міне осы іске жұмылайық.
Айтарым осы. Бәрімізге сәттілік!
Құрметпен,
Серік Ерғали,
Шетелдік қазақтарды қолдау алқасының мүшесі