13 қазанда Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс өтетін барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы күнін жариялады. Сайлау 29 қарашаға белгіленді.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман хабарлады.
«Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 29 қарашаға мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы қаулы етеді», — деді Мұхтар Ерман.
Айтуынша, мәслихат депутаттары халықтың тікелей сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.
«Алдағы сайлау аясында 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлау жоспарланған. Атап айтқанда, 20 облыстық мәслихатқа – 668 мандат, 38 қалалық мәслихатқа – 626 мандат және 170 аудандық мәслихатқа – 2 153 мандат», — деді Ерман.
Сейсенбі күні, 12 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған.
«Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды қабылдау тапсырылды. Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген жарлық мәтінінде.
24 қыркүйекте Халық кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде президент Тоқаев мәслихаттың кезектен тыс сайлауы өтетінін аңдатқан болатын.
Бір айта кетерлігі – мәслихат сайлауы Қазақстанда бұрын мемлекеттік мереке болып келген, кейін бұл қатардан алынған «тұңғыш президент» күні қарсаңында өтпек. 1991 жылы Тәуелсіздік жариялар қарсаңда 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлаумен жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев президенттікке келген. 2012 жылы осы күн арнайы аталып, мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілді. Алайда 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл күннің статусы төмендетілген. Сол оқиғадан бастап Назарбаевтың туыстары сотқа тартылып, экс-президенттің ықпалын азайту әрекеті байқалған.







