23 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы әскери жаттығу кезінде Каспий теңізіне ағып кеткен 19 сарбаздың 12-сі қаза тапты. Үшеуі құтқарылып, біреуі ауруханада жатыр. Қалғаны іздестіріліп жатқаны айтылады. Ал 25 қыркүйекті президент жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстарына көңіл айтқан.
Осы оқиғаны тексеру үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау әкімі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және көлік министрліктерінің басшылығы, бас әскери прокурор және шекара қызметінің өкілдері қамтылды.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігі қайғылы жағдайға Қазақстан халқы мен үкіметіне көңіл айтты. Олар хабар-ошарсыз кеткендер тізіміндегісарбаздардың аман табылуына үміт білдіріп, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан екі күн бұрын қорғаныс министрлігі «Хазар қорғаны-2026» әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы басталғанын хабарлаған. Министрліктің оқу-жаттығудың стратегиялық командалық-штабтық бірыңғай жоспар аясында Каспий теңізінің қазақстандық секторында өтіп жатқанын айтқан. Оған Қазақстан қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік еткен.
Оқу-жаттығуға әскери-теңіз күштері мен оларға бағынысты бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметкер, әскери кемелердің экипаждары мен жағалау бөлімшелері қатысқан. Машықтануға ҰҚК шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша жағалау күзеті мен әуе қорғанысы күштерінің күштері мен құралдары тартылған.






