«Самұрық-Қазына» компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясының басшысы Елжас Отыншиев ұсталды. Ақпаратты 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі растады.
Ұсталғандар жемқорлыққа барды деген күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етуге жатпайды»,- делінген хабарламада.
«Самұрық-Қазына» — елдегі ең ірі стратегиялық кәсіпорындарын басқару және олардың тиімділігін арттыру үшін құрылған мемлекеттік әл-ауқат қоры. Қор азаматтардың мүддесі үшін ұлттық экономиканың негізгі активтеріне иелік ететін және оларды басқаратын холдинг рөлін атқарады. Қор құрамына «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана», «Қазақтелеком» және KEGOC сияқты мұнай-газ, көлік, энергетика және телекоммуникация салаларының ірі компаниялары кіреді.
Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2023 жылдың сәуір айынан бері басқарған. Ал Елжас Отыншиев ҚТЖ басшысы болып небәрі 4 ай ғана жұмыс істеген. Ол биыл 20 шілдеде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының төрағасы болып тағайындалған.







