БҰҰ жөнсіз қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрім нахақ сотталып, түрмеге қамалған деген ұйғарым жасады. Жұмыс тобы Қазақстан билігін оны дереу босатуға шақырған. Мұндай ақпаратты Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросы жариялады.
Азаттық радиосының хабарлауынша, БҰҰ сарапшылары Қазақстанның қамаудағы журналистке түзеу мекемелерінде «озбырлық жалғасып жатқанына» алаңдаушылық білдірген. БҰҰ-ның жұмыс тобы Думан Мұхаммедкәрімнің журналистік қызметі үшін бостандығынан айырылған және сотта оның құқығы қамтамасыз етілмеген деген қорытындыға келген.
Биыл наурыз айының аяғында өткен сессиясында БҰҰ-ның жөнсіз қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы Думан Мұхаммедкәрімді қамауда ұстау Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының сегіз бабына (2, 3, 7, 9, 10, 11, 19 және 21-баптар) және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (АСҚХП) алты бабына (9, 14, 15, 19, 25 және 26-баптар) қайшы келеді деп ұйғарған. Жұмыс тобы шешім қорытындысында Қазақстан түрмесінде отырған журналисті дереу бостандыққа шығаруға үндеген.
Жұмыс тобына жолдаған шағымда құқық қорғаушылар журналисті ұстау мен қамауға алуды негізсіз деп санауға түрткі болған үш басты себепті көрсеткен: Қазақстан заңындағы «экстремизм» ұғымының бұлыңғырлығы, журналистің оппозиция өкілінен алған сұхбатын тыйым салынған ұйымның жұмысына «қатысу» деп бағалауға болмайтындығы және оны ісі сотта әділетті қаралу құқығынан айыру. Сонымен бірге шағымда соттың бейтарап болмағанына да назар аударылған деп жазды Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро.
БҰҰ-ның жұмыс тобы Думан Мұхаммедкәрім туралы ақпарат ұсыну және журналисті әрі қарай қамауда ұстауды негіздейтін құқықтық нормаларды түсіндіру үшін Қазақстан үкіметіне үш ай уақыт берген. Бірақ Қазақстан билігі өз жауабын белгіленген уақыттан екі күн кешіктіріп жолдаған және де оның мерзімін ұзарту жайлы сұрамаған. Сол себепті ол жауап БҰҰ-ның жұмыс тобында қаралмаған деді бюро.
Жұмыс тобы «сот мүлде өтпеуі тиіс еді» деп мәлімдеп, журналистің өз ісі сотта әділетті қаралу құқығынан айырылғанын растаған.
БҰҰ-ның жұмыс тобы өз қорытындысында Думан Мұхаммедкәрім камерада «тым шектеулі» жағдайда ұсталып отырғанын айтып, желдеткіш нашар екенін, күні бойы жарық жанып тұратынын, оны серуенге сирек шығаратынын немесе мүлде шығармайтынын тізіп шыққан. Бұл «БҰҰ-ның қамаудағы адамдармен қарым-қатынас жасаудың ең төменгі стандартты ережелерінің (Нельсон Мандела ережелері) 43-ережесін бұзады,-» деген жұмыс тобы.
Жұмыс тобы сондай-ақ «мекеменің өз құжаттары 2025 жылғы 1-20 қараша аралығында Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағанын растайтынын, ал үкімет жауабында бұл туралы айтылмағанын» атап көрсеткен.
БҰҰ-ның жұмыс тобы қамауда отырған Думан Мұхаммедкәрімді дереу босатуды, оның өтемақы мен өзіне келтірілген зиян үшін өзге де өтемдер алуға деген міндетті күші бар құқығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тәуелсіз тергеу жүргізуді талап еткен.
Бұған қоса жұмыс тобы арызданушы тарап пен үкіметтен алты ай ішінде осы ұсыныстардың орындалуы туралы ақпарат ұсынуды, соның ішінде журналистің босатылғаны, тергеу жүргізілгені және заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берулерін сұраған. Сонымен қатар жұмыс тобы алаңдаушылық тудыратын жаңа жайттар пайда болса немесе үкімет белгіленген мерзімді тағы да сақтамаса, өзі тиісті шара қабылдауға құқылы екенін еске салған.
Бюро мәліметінше, БҰҰ-ның жұмыс тобының қорытындысы жарияланғалы бері алты ай өткенімен үкімет оған жауабын белгіленген мерзімде жолдағаны я жолдамағаны белгісіз.
Өзі негізін қалаған Ne Deidi YouTube-арнасында қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзекті тақырыптарды қозғап, билікке сын айтқан хабарларымен танылған Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы тілшілердің бірі болды. Ол YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады. 2023 жылы Мұхаммедкәрім парламент сайлауына тәуелсіз кандидат ретінде қатысты.
2024 жылы жабық өткен сот журналист Думан Мұхаммедкәрімді «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» деген айыптаулар бойынша жеті жылға бостандығынан айырды. Қылмыстық іске журналистің қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовпен сұхбаты ілік болды. Бұған қоса, сот оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына үш жылға тыйым салды.







