Қазақстан Ресейге әскери техника мен әскери қызметкерлер тобын жібере бастайды. Бұл туралы 21 қыркүйекте Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарлады.
«Ағымдағы жылдың 24 қыркүйек – 3 қазан аралығында Ресей Федерациясының аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) «Өзара іс-қимыл – 2026», «Іздеу-2026» және «Эшелон-2026» оқу-жаттығуларын өткізуі жоспарланған. Оқу-жаттығуларға дайындық және оны өткізу кезеңінде, 21 қыркүйек – 5 қазан аралығында Қазақстан Республикасы аумағынан Мисящ стансасына дейін (Челябі облысы, Ресей) және кері қарай теміржол көлігімен әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады», — делінген дүйсенбі күні хабарламада.
Мәліметке қарағанда, оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіліп, оның аясында шеру дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталмақ.
«Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық бойынша бекітілген жоспарларына сәйкес жүргізіледі. «Өзара іс-қимыл – 2026», «Іздеу-2026» және «Эшелон-2026» оқу-жаттығулары тұрақты негізде ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өтеді», — делінген министрлік хабарламасында.
1992 жылы мамырда құрылған ҰҚШҰ-ның қазіргі мүшелері: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан. Әзербайжан, Өзбекстан және Грузия басында мүше болғанымен, кейіннен ұйымнан шығып кеткен.






