Алматы облыстық соты 396 миллион теңге пара алғаны үшін деген айыппен 12 жылға сотталған шенеунік Кәрім Көкірекбаевты мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы шешімнің күшін жойды. Сот өрескел заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы Тengrinews.kz хабарлады.
Бұған дейін желіде былтыр 12 жыл бас бостандығынын айыру жазасына кесілген 69 жастағы Кәрім Көкірекбаев бостандыққа шығуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Өткен аптада Алматы облысы Алатау қалалық соты Көкірекбаевтың денсаулық жағдайына байланысты босату туралы өтінішін қанағаттандырғаны хабарланған. 17 қарашада Алатау қалалық соты №57 түзеу мекемесі әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырып, бұрынғы шенеунікті «ауыр сырқатына» байланысты босату туралы шешім шығарған. Прокуратура бұған қарсы шығып, қаулының күшін жоюды талап еткен.
Енді апелляциялық алқа прокуратураның уәжін қолдады. Судьялар төменгі сатыдағы сот заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады.
«Істі апелляциялық инстанцияда қарау барысында бірінші сатыдағы сот заң нормаларын өрескел бұзғаны анықталды. Сотталған адамның ауру деңгейі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген, жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді»,- деп хабарлаған Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот бұрынғы қаулының күшін жойып, колония әкімшілігінің сотталған адамды босату туралы өтінішін қабылдамады. Апелляциялық инстанцияның шешімі заңды күшіне енді. Апелляциялық алқа алғашқы сот отырысына қатысқан прокурор мен түзеу мекемесі өкілінің іс-әрекетіне назар аударды. Облыстық соттың бағалауынша, олар Көкірекбаевты босатуды негізсіз қолдаған. Осыған байланысты сот Алматы облысының прокуратурасына және ішкі істер министрлігіне жекеше қаулы жолданды. Сондай-ақ дәрігерлерге қатысты бөлек сұрақ туындаған. «Сотталған адамда жазасын өтеуге кедергі болатын ауру бар екені туралы негізсіз қорытынды шығарған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің атына жеке қаулы шығарылды»,- делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2022 жылғы желтоқсанда сол кезде ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған Кәрім Көкірекбаев ұсталған. Ол аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген. Кейін параның мөлшері 396 миллион теңге болғаны хабарланды. Мемлекетке келтірілген шығын 2 миллиард теңгеге жуық – 1 987 827 622 теңге. Соның бәріне қарамастан 2024 жылғы маусымда алқабилер «Қазселденқорғаудың» бұрынғы басшысын ақтап шықты. Прокуратура бұл шешіммен келіспей, сонда да апелляциялық шағым түсірді. 2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты ақтау үкімінің күшін жойды. Көкірекбаев сот залында ұсталып, іс қайта қарауға жіберілді. Бір жылға жуық уақыт өткен соң, 2025 жылғы 3 шілдеде алқабилер соты жаңа үкім шығарды. Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылса, оның 2 сыбайласы 11 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.






