27 тамызда Құрылтай депутаттарының өкілеттігі ресми түрде күшіне енді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) хабарлады.
Мәліметке қарағанда, бүгін Құрылтай депутаттары тіркелген. Іс-шараға Құрылтайдың сайланған барлық депутаттары қатысқан. «ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес Құрылтай депутатының өкілеттігі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында депутат ретінде тіркелген сәттен басталатынын атап өтті», — делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
Отырыста баяндама жасаған ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман ОСК бес саяси партиядан сайланған Құрылтайдың 145 депутатын тіркеуді көздейтін қаулы жобаларын әзірлегенін хабарлады. Осыған байланысты «Әділет» партиясынан — 110 депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан — сегіз, «Ауыл» партиясынан — 10, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан — сегіз және «Respublica» партиясынан — тоғыз депутат тіркелген.
«Сіздердің өкілеттіктеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап басталды. Енді сіздер — Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган — Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңдері заңнама талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат — халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі, ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз мен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», — деп атап өткен төраға Әбдіров.
Іс-шара соңында ОСК-ның төрағасы Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.
Отырыс соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Құрылтай депутаттарына куәліктері мен жезден жасалған төсбелгілерін табыстады. Оның құны — 42 мың теңге. Бұрынғы қоспалаталы Парламенттің депутаттардың төсбелгілері 375 сынамалы алтыннан жасалған еді. Ондай бір төсбелгінің бағасы 313 мың 600 теңге болған.
Ал Құрылтайдың алғашқы басқосуы ертең, 28 тамызға жоспарланған. Бұл туралы президент арнайы жарлыққа да қол қойған.






