Каспий құбыр консорциумы (КҚК) енгізген уақытша шектеулерге байланысты Қазақстан мұнай экспортының қосалқы бағыттарын қарастырып жатыр. Бұл туралы энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікбаева хабарлаған.
Ресми өкілдің айтуынша, шілдеде КҚК мұнай қабылдауды уақытша шектегендіктен, шикізаттың бір бөлігін басқа бағыттарға бұруға тура келген. «Мұнай көлемінің бір бөлігі басқа тасымалдау бағыттарына, атап айтқанда Ақтау порты, Атасу – Алашанькоу бағыты, сондай-ақ Атырау – Самара бағыты бойынша қайта бағытталды», — дейді Әсел Серікбаева.
Министрлік Қазақстан экспортының қосымша нұсқаларын да зерделеп жатқаны айтылады. Сондайда Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыр желісі, Каспий теңізі арқылы Баку – Супса бағыты да қарастырылып отыр. Қазақ мұнайының бір бөлігі қазірдің өзінде Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданып жатыр. Жеткізілім көлемі жылына шамамен 1,2 миллион тонна болады деп шамаланады.
Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, Әзербайжан аталған бағыт бойынша қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға дейін арттыруға дайындығын білдірген.
Былтырғы желтоқсанда Қазақстан Каспий құбыр консорциумындағы шектеулер кезеңінде 300 мың тоннаға жуық мұнайды басқа бағытқа бұрған болатын. Мұнай экспорттық бағыттар бойынша: Германия, Қытай, Баку – Тбилиси — Жейхан желісіне, сондай-ақ Новороссийск және Усть-Луга айлақтары арқылы әрі қарай жеткізу үшін ҚТО жүйесіне бағытталған.
Соңғы кездері Ресейдің Украинаға басқыншылығы салдарынан Киев дрондарының КҚК-ға шабуылы жиілеп кеткен. Қазақ мұнайының 80 пайызы осы желімен тасымалданатыны белгілі. Қазақстан шабуылдарды айыптағанымен, әзірге қатаң шараларға барған жоқ.







