Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Есбаева «Ақ жол» демократиялық партиясының жаңа төрағасы болып сайланып, бұрынғы төраға Азат Перуашев бұл қызметтен кетті.
Бұл шешім бүгін, яғни 13 маусым күні өткен партияның кезекті съезінде жарияланды.
Есбаеваның кандидатурасын партияның бұрынғы төрағасы Азат Перуашев ұсынған.
«Қаржыгер, банкир, мәжіліс төрағасының орынбасары. Дания Есбаева өз есімін Қазақстанның саяси тарихына енгізіп үлгерді. Ол — 2019 жылы Қазақстан президенттігіне кандидат болған еліміз тарихындағы алғашқы әйел. Парламенттік оппозиция туралы, заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы, жеке тұлғалардың банкроттығы, банктер туралы заңдардың, Кәсіпкерлік кодекстің және жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтарға рақымшылық жасау туралы заң жобаларының авторларының бірі. Сонымен қатар ол — Мәжіліс тарихындағы парламенттік оппозиция қатарынан сайланған алғашқы әйел вице-спикер, — деген Перуашев.
Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттар Дания Есбаеваның кандидатурасын қолдады.
Ал бұған дейін «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы болып келген Азат Перуашев съезде сөйлеген сөзінде партияның одан әрі дамуы үшін басшылық құрамның жаңарып отыруы маңызды екенін айтқан. Айтуынша, ұзақ уақыт бір адамның билікте болуы өзгерістерге кедергі келтіріп, жаңа бастамалардың жүзеге асуына тосқауыл болуы мүмкін екен.
«Монополияның кез келген түрі дамуға бөгет жасайды. Сондықтан партияның жаңа идеяларға ашық болуы және өз ішіне тұйықталып қалмауы үшін төрағалық өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым», — деген Перуашев өзінің орнына ұсынған Дания Есбаеваның елдегі саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысып жүрген тәжірибелі саясаткер екенін атап өткен. Мәжіліс қабырғасындағы әртүрлі қайшылықты мәлімдемесімен белгілі Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясын 2011 жылдан бері басқарып келген. Соңғы мәлімдемелерінің бірінде ол өзінің «Қазақстан — штрафстан» деген сөзін президент Тоқаев сынаған соң елді бұлай атауының жөн болмағанын айтқан.
Ал 12 маусым күні биліктегі AMANAT партиясы съезінде делегаттар «Әділет» партиясымен бірігу үшін дауыс берген. «Қазір AMANAT дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр, ал елге ұйымшылдық пен бірігу қажет», – деген партия басшысы болып келген Ерлан Қошанов. Ол бұл бастаманы соңғы жылдардағы өзгерістерге қарамастан, қазақстандықтардың бір бөлігінде әлі күнге дейін партияның өткенімен ассоциациялар сақталып қалғандығымен түсіндірген.
Бұл бастама қолдау тапқан жағдайда партиялардың бірігуі белгіленген тәртіппен жалғасатыны айтылады.







