8 тамызда Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылында Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының ресми түрде ашылуы болды. Бұл жөнінде Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады. Бүгін ол жаққа Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі, “Росатом” өкілдері жиналды. Ауылда алғашқы станцияның макеті де көрсетілді.
Азаттықтың хабарлауынша, Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұл АЭС жобасына жалпы 14-15 млрд доллар инвестиция тартылатынын және әлеуметтік жобалар үшін қосымша 1 млрд доллар жұмсалатынын айтты.
«АЭС стратегиялық жобаға, атом өнеркәсібін, өңірлік инфрақұрылымды, индустриялық-инновациялық прогресті және ұзақ мерзімді экономикалық өсуді дамытудың негізгі драйверіне айналады,»- деген Сәтқалиев.
«Қазақстандық атом энергетика станциялары» компаниясының төрағасы Ернат Бердіғұловқа журналистер Түркияда АЭС салып, жалақылары кешіктірілген жұмысшылардың жағдайы Қазақстанда қайталанбай ма деген сұрақ қойды. «Росатом» нысанын салып жатқандар арасында шамамен 200-ге жуық қазақстандық бар. Бердіғұлов екі елдегі жағдай әртүрлі екенін айтты.
«Түркия мен Қазақстандағы жобалар түрлі тетіктер арқылы жүзеге асып жатыр. Түркияда Ресей жағы өзі салып, өзі иеленіп, станцияны өзі пайдаланады…Ал мұнда Қазақстан жағы нысанға толық иелік етеді, Ресей жағы консорциумға жетекшілік етеді, жобаны жүзеге асыратын мердігер. Станцияға Қазақстан толық ие болады. Сәйкесінше, аталған сценарийдің бізге қатысы жоқ,» — деген ол.
Шара кезінде «Қазақстан өзінің ядролық отынын өзі өндіретіні» айтылды. Әлемде өндірілетін уранның 40 пайызы Қазақстанда өндірілетіні, бұл бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында тұрғаны айтылды.
Бұған дейін алғашқы станцияны ресейлік “Росатом” салып беретіні белгілі болған. Қазақстанға екінші және үшінші атом станциясын Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниясы салып беретіні хабарланған.
Биыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ.
Алайда кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін дейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.
Биыл 14 маусымда Ресейдің Қазақстанда АЭС салуы елдің егемендігіне қауіп төндірмейді деп мәлімдеген атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
“Уран шикізатының, технологиялық процестерінің меншік иесі, операторы, өндірушісі Қазақстан болады” деді агенттік төрағасы.
Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді былтыр қабылдады. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.