Президент Қасым Жомарт Тоқаев өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевты қызметінен босатты. Бұл туралы 24 қарашада Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Соңынан Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясының басшысы болып тағайындалды.
Оның бұл қызметке тағайындалуына «Самұрық-Қазына» басқармасының шешімі негіз болған.
Бұған дейін Тоқаев 2027 жылы Қазақстанда ірі құрылыс науқаны басталатынын жариялап, оны «Халықтық құрылыс» болады деп атаған. Президент елде әлеуметтік нысандар салу үшін Ұлттық қордан аса көп мөлшерде қаржы жұмсалатынын айтқан.
Ал 46 жастағы Нағаспаев 2025 жылғы 28 ақпаннан бері өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарып келген. Оған дейін 2021-2025 жылдар аралығында ол ҚТЖ-да басқарушы директор болған.
ҚТЖ компаниясының бұрынғы басшысы Елжас Отыншиев «Самұрық-Қазына» компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповпен бірге ұсталған. 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ресми хабарлаған. Ұсталғандар жемқорлыққа барды деген күдікке ілінген. Ал 16 қарашада ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың өзі қызметінен босатылған. Оның не себепті қызметтен алынғаны және ары қарайғы тағдыры туралы хабарланбады.






