Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласының аты-жөні Deutsche Bank-тегі күмәнді операциялар туралы зерттеуде аталды.
Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.Мәліметке қарағанда, Deutsche Bank-тің 15 миллионнан астам ішкі құжаты сыртқа тарап, банк ықпалды клиенттерге қызмет көрсету кезінде ақшаны жылыстатуға және санкцияларды айналып өтуге қатысты күмәнді операцияларды елемеген болуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл туралы әлемнің 200-ден астам журналисі қатысқан Inside Deutsche Bank зерттеуінде айтылады. Құжаттарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың да есімі аталады.
Зерттеу дерегінше, Құлыбаев 2006 жылдан бері Deutsche Bank клиенті болған. 2013 жылғы ішкі тексерісте оған қатысты сыбайлас жемқорлық айыптаулары тіркелгенімен, банк оның үстінен шығарылған айыптау үкімдері жоқ екенін және Еуропадағы тергеулер тоқтатылғанын атап өткен.
Ал 2020 жылы Құлыбаев БАӘ-дегі шоттан түскен 15 миллион доллардың шығу тегін жеткілікті түсіндіре алмаған соң, банк қаражаттың түсуіне тосқауыл қойған. Кейін оның жұбайы Динара Құлыбаеваның атына Люксембургте шот ашу мәселесі қаралған.
Құлыбаевтың заңгерлері заңбұзушылық туралы айыптауларды жоққа шығарып, банк оның табыс көздерін білгенін мәлімдеген. «Азаттық Азия» зерттеудегі ақпаратты тәуелсіз түрде растай алмады, ал Deutsche Bank клиенттерімен қарым-қатынасына қатысты түсініктеме бермейтінін айтты.
Зерттеуде банк Ресей олигархтары Олег Дерипаска, Роман Абрамович, Геннадий Тимченко және Сүлеймен Керімовке де қызмет көрсеткені жазылған. Deutsche Bank 2019–2025 жылдары ішкі бақылау жүйесін реформалауға 7 миллиард еуро жұмсағанын, Ресеймен байланысты кредиттік тәуекел көлемін 3 миллиардтан 13 миллион еуроға дейін қысқартқанын мәлімдеді.






