16 қарашада Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Оның орнына орынбасары болып келген Марат Ирменов комитет басшысы болып тағайындалды.
Ресми мәліметке қарағанжа осыған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК қызметкерлерімен жиын өткізген. Онда ел басшысы қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомствоның алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды.
Осы мәліметтер белгілі болған кезде бұрынғы төрағаның қандай қызметке тағайындалғаны хабарланбады. Ал жаңа төраға Марат Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы ҰҚК институтын, 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын бітірген. 1996 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарады. Ол 2000 жылдан бастап осы органның басшылық қызметінде келеді. 2019 жылы оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры шені берілді. Ол II дәрежелі «Даңқ» орденімен, мемлекеттік, ведомстволық медальдармен марапатталған, сондай-ақ, ҰҚК-нің құрметті қызметкері.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 қарашада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің, сондай-ақ өзге де адамдарды ұстаған болатын. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір тергеу жүріп жатыр. Президент осы оқиадан соң іле-шала Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізген. Сол отырыстан кейін, президент 13 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдаған.







