Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, көлік-логистика саласындағы олқылықтарға тоқталды. Одан бір күн алдын, 12 қарашада Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы мен осы ұйымға ҚТЖ жетекшісі ұсталған.
– Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай. Жалпы, заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды, — дейді президент Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл – «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституцияда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс.
– Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін, — деді президент Тоқаев. Ел басшысы «сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз,»- деп атап көрсеткен.
Еске салсақ, 11 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазынаның» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев және сыбайлас жемқорлық күдігімен өзге де тұлғалар ұсталғанын растаған.







