21 қазанда халықаралық “Шекарасыз тілшілер” ұйымы қазақстандық журналистердің Құрылтайдағы шектеуді алып тастау туралы талабын қолдады.
“Шекарасыз тілшілер ұйымы (RSF) парламент енгізген ақпаратқа қол жеткізу бойынша шектеуді алып тастауды талап еткен журналистер тобын қолдайды. Жаңа ережелер негізінде ақпарат құралының бір тілшісіне ескерту жасалып, бір журналистке аккредитация берілмеді. RSF бұл шектеулерді дереу жоюға шақырады,”- делінген ұйымның хабарламасында.
Бұдан алдын ондаған журналист Құрылтайдың төрағасы Айбек Дәдебайға ұжымдық хат жолдап, брифинг өткізу ережесін өзгертуді талап еткен. БАҚ өкілдері шараның тақырыбынан тыс сұрақ қоюға тыйым салатын нормаға қарсы. Құрылтай ғимаратында депутаттарға өз бетінше сұрақ қоюға тыйым салынатыны 31 тамызда белгілі болған.
Ал қазан айында журналистер құрылтай спикері Айбек Дәдебайдан заң шығарушы органның БАҚ-пен жұмыс істеу регламентін қайта қарауды сұрап, үндеу жолдаған.
«Біз, құрылтайдың жұмысын ақпараттандыратын журналистер, сізден құрылтайдың БАҚ қатысуымен өтетін іс-шаралар регламентіндегі бір норманы өзгертуге бастамашылық жасауыңызды сұраймыз. Регламентті құрылтай Бюросы 2026 жылғы 7 қыркүйектегі № 9-I БҚРҚ қаулысымен журналистерді аккредиттеу қағидаларына 1-қосымша ретінде бекітті. Құрылтай отырыстарының ашық өтіп, тікелей эфирде көрсетілетінін және баспасөз өкілдері үшін баспасөз орталығы жұмыс істейтінін жоғары бағалаймыз. Алайда жаңа регламенттегі бір норма бізді қатты алаңдатып отыр», — делінген үндеуде.
Регламенттің 3-тармағы журналистерді сұрақтарды «алдын ала жарияланған күн тәртібі бойынша қатаң түрде» қоюға міндеттейді.
«Іс жүзінде бұл былай көрінеді: брифинг отырыстан кейін өтеді және депутаттар жаңа ғана ашық эфирде талқылаған бір заң жобасына арналады; баспасөз қызметі брифинг тақырыбын бір күні алдын кешке немесе отырыс өтетін күні жариялайды; брифингке министрлер мен олардың орынбасарлары келеді, олар көп жағдайда қоғам алдына сирек шығады және оларға қоғам тарапынан қойылатын сұрақтар көп; алайда оларға отырыста бәрі айтылып қойған тақырып бойынша ғана сұрақ қоюға болады. Модератор тақырыпқа қатысы жоқ деп санаған сұрақ үшін журналист ескерту алады. Екі рет ереже бұзу аккредитациядан алты айға айыруға әкеледі (Аккредиттеу қағидаларының 11 және 13-тармақтары). Парламент жұмысын жазатын журналист үшін бұл іс жүзінде жарты жылға кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салумен тең», — деп атап өткен БАҚ қызметкерлері.
Олар «тақырыпқа қатысты» деген ұғымның өлшемі ешбір құжатта көрсетілмегенін қоса айтты.
«Шешімді модератор сол жерде және түсіндірместен қабылдайды. (Мысал: компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялауға арналған брифингте журналист ішкі істер министрінің орынбасарына Ақтауда қаза болған әскери қызметшілер туралы әлеуметтік желілерде жазған азаматтарға полиция атынан қоңырау шалып, жазбаларды өшіруді талап ету фактілері жөнінде сұрақ қойды. Бұл сұрақ полицияның интернеттегі жұмысына немесе полиция атын жамылып жасалатын құқық бұзушылықтарға қатысты болды, яғни брифинг тақырыбымен тікелей байланысты еді. Соған қарамастан журналист ескерту алды.) Біз бұл норманы өзгерту қажет деп санаймыз. Оның бірнеше себебі бар. Заң журналистке сұрақ қою құқығын береді. «Масс-медиа туралы» заң журналистің ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың қабылдауында болуға құқығын бекітеді (26-бап, 3-тармақ, 1 және 2-тармақшалар). Аккредиттелген журналист өзін аккредиттеген органның іс-шараларына қатысуға құқылы (28-бап, 3-тармақ)», — делінген үндеуде.
Олардың айтуынша, бұл норма құрылтайдың өзі қойған мақсатқа жеткізбейді.
«Құрылтайдың аккредиттеу қағидаларында (2-тармақ) аккредитацияның мақсаты қоғамды кеңінен және жедел ақпараттандыру деп көрсетілген. Ал отырыста айтылғанды қайталайтын брифинг жаңа ақпарат бермейді. Құрылтай бұл норманы өзі өзгерте алады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидалары (2024 жылғы 20 тамыздағы № 367-НҚ бұйрық) сұрақтарды іс-шара тақырыбымен шектеуді талап етпейді. Құжат тек органға регламентті бекітуді жүктейді (12-тармақ). Күн тәртібімен шектеу — құрылтайдың өз шешімі, сондықтан Бюро оны қайта қарай алады. Спикердің онсыз да жауап бермеуге құқығы бар. Министр немесе депутат сұраққа жауап беруден бас тарта алады, кейінірек немесе жазбаша түрде жауап бере алады», — деп айтылған үндеуде.
Журналистердің сөзінше, қолайсыз сұрақ — жария қызметтің қалыпты бөлігі.
Санкция, авторлардың айтуынша, шамадан тыс. Модератор тақырыпқа қатысы жоқ деп санаған сұрақ үшін, ал нақты өлшем болмаған жағдайда, журналисті алты айға аккредитациядан айыру — кәсіби жұмыс үшін тым ауыр жаза.
«Сізден құрылтай бюросының қарауына мынадай өзгерістер енгізуді сұраймыз. Спикердің құзыреті шегінде сұрақ қоюға рұқсат беру. Алдымен журналистер жарияланған тақырып бойынша сұрақ қояды, одан кейін сөз сөйлеп отырған тұлғаның құзыретіне жататын кез келген сұрақты қоюға мүмкіндік беріледі. Күн тәртібінен тыс сұрақты ереже бұзу деп санамау. Модератор журналистен тақырыпқа оралуды сұрай алады, ал спикер жауап беруден бас тарта алады. Бірақ мұндай сұрақ аккредитациядан айыруға негіз болмауы тиіс. Ереже бұзуды тіркеу тәртібін нақты жазу. Ереже бұзу нақты қағиданың тармағына сілтеме жасай отырып, жазбаша түрде тіркелуі тиіс. Журналистке түсініктеме беруге және ескертуге шағымдануға мүмкіндік берілуі қажет», — деп ұсынған авторлар.
Журналистер регламенттің 3-тармағындағы сұрақ қою тәртібі туралы абзацты мынадай редакцияда жазуды ұсынды: алдын ала жарияланған күн тәртібі бойынша сұрақтарды журналистер (БАҚ өкілдері) іс-шара модераторы белгілейтін кезек тәртібімен бірінші кезекте қояды. Одан кейін журналистер (БАҚ өкілдері) сөз сөйлеп отырған қатысушының құзыретіне жататын сұрақтарды қоюға құқылы. Сөз сөйлеп отырған қатысушы жарияланған күн тәртібіне қатысы жоқ сұраққа жауап беруден бас тартуға құқылы. Жарияланған күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақ осы регламентті және қағидалардың 19 және 20-тармақтарында көзделген талаптарды бұзу болып саналмайды.
«Біз бұл ұсыныстарды сізбен немесе құрылтай бюросымен кездесуде талқылауға дайынбыз», – деген журналистер Дәдебайға жолдаған үндеуінде.
Үндеуге парламентте жұмыс істейтін 40-қа жуық журналист қол қойған.






