10 қазанда президент өкімімен Саят Исанов Қазақстан қарулы күштері арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
Әскери шені подполковник Саят Исанов бұған дейін Арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары қызметін атқарған. Ол туралы басқа жария мәлімет тарамаған.
Қазақстанда Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылды.
Арнайы операциялар күштері елдің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында арнайы тапсырмаларды орындайды. Терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы іс-қимыл жасау міндеттері бар.
2024 жылғы қаңтардан 2026 жылғы қазанға дейін Арнайы операциялар күштерін Айдос Мырзахметов басқарды. Биыл 24 қыркүйекте 14 теңізші қаза тапқан қасіретті оқиғадан соң 27 қыркүйекте ол қорғаныс министрі болып тағайындалды. Оған дейінгі министр Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.
Оған қоса қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров, қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеев және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков те қызметінен қуылды.
Кейін Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты қылмыстық іс аясында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін оның бірінші орынбасары да тергеуге алынған.
Каспий оқиғасынан кейін құрылған қорғаныс министрлігінің жұмысын жан-жақты тексеру жөніндегі комиссияның алдын-ала қорытындысы бойынша қорғаныс ведомствосына қарасты ұйымдар мен әскери бөлімдерде мемлекеттік мүлікті жымқыруы мүмкін деген күдік, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және өзге де заңбұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған.
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі «Хазар қорғаны — 2026» әскери жаттығуы кезінде суға ағып кеткен 17 теңізшінің 14-і қаза тапты. Әуелде 19 адамның ағып кеткені, оның 9-ы қаза тапқаны хабарланған. Соңынан ағып кеткендер саны 17 деп түзетіліп, қаза болғандардың мәйіті табылып құрбандар саны ұлғайды. Үшеуі аман. 25 қыркүйекті президент жалпыұлттық аза тұту күні деп ресми жариялаған.







