6 қазанда әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысының уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды. Сот оны қамауға алуды санкциялаған.
Бұл туралы ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу бөлінісі Каспий теңізіндегі жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында, қызметіне салғырт қарағаны үшін Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады», — деп хабарлаған министрлік.
3 қазанда генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан қарулы күштері бас штабының бастығы қызметінен босатылды. Ол бұл қызметке 2026 жылғы 17 қаңтарда тағайындалған еді. Осы күні генерал-майор Алмаз Жұмакеев қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Ол бұған дейін 2022 жылғы наурыздан бастап қарулы күштердің десанттық-шабуылдау әскерін басқарды. 2026 жылғы 11 наурызда ол қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары болып тағайындалған еді. Осы екі орынбасарға қоса 1 рангалы капитан Қанат Ниязбеков те әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатылған. Президент Тоқаев оның Каспий теңізінде 14 адам қаза тапқан әскери жаттығуға қатыспағанын сынаған.
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі «Хазар қорғаны — 2026» әскери жаттығуы кезінде суға ағып кеткен 17 теңізшінің 14-і қаза тапты. Әуелде 19 адамның ағып кеткені, оның 9-ы қаза тапқаны хабарланған. Соңынан ағып кеткендер саны 17 деп түзетіліп, қаза болғандардың мәйіті табылып құрбандар саны ұлғайды. Үшеуі аман. 25 қыркүйекті президент жалпыұлттық аза тұту күні деп ресми жариялаған.







