24 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде бүкіл мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын атап, мәслихат сайлауын өткізудің қажеттілігін айтты. Бұл туралы ел басшысы Халық кеңесінің алғашқы сессиясында мәлімдеген.
«Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты», — деді Президент.
Президент жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталатынын айтты.
«Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді-мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды. Сондықтан мен жақын арада премьер-министрмен және құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті жарлыққа қол қоямын,-» деген ел басшысы.
Президенттің айуынша, бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін беруі мүмкін.
Қоғамда жаңа Конституцияға сәйкес президент сайлауы да мерзімінен бұрын өте ме деген сұрақ бары белгілі. Әзірге бұл сұраққа нақты жауап берілген жоқ.
23 тамызда құрылтай сайлауында президент Тоқаев Конституцияық соттың түсіндірмесіне меңзеп, заң жүзінде қайта сайлануға құқығы барын айтқан. «Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет,»- деген сонда президент.






