Құрылтай ғимараттарында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмыс істеу ережесі жарияланды. 7 қыркүйекте Құрылтайдың ресми сайтында жарияланған ережеде журналистердің депутаттармен жұмысы қандай шартқа негізделетіні ресми хабарланды.
Ережеге қарағанда журналистер Құрылтайдың баспасөз қызметінің шақыруымен іс-шаралар кезінде арнайы белгіленген орындарда ғана сұрақ қоя алады. БАҚ өкілдеріне редакциямен байланысу және жедел ақпарат жіберу үшін ұялы байланыс құралдарын, ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды, диктофон, фото және бейнеаппаратураны, сондай-ақ дербес портативті компьютерлерді «белгіленген тәртіппен» ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Жаңа ереже бойынша журналистер Құрылтайдың баспасөз қызметімен алдын-ала келісіп барып, тұрақты комитеттердің, саяси партиялар фракцияларының және депутаттық топтардың шақыруымен өтетін іс-шараларға қатыса алады. Бұған қоса Құрылтай ғимараттарында депутаттармен, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуге құқылы екені айтылады.
Ендігіде депутатпен тілдесу үшін журналистер баспасөз қызметі ұйымдастыратын сұхбаттарға, брифингтерге, баспасөз конференцияларына және кездесулерге қатысып сұрақ қоймақ. Ал брифинг кезінде «барлық журналистерге сұрақ қоюға тең мүмкіндік беру мақсатында» модератор бір БАҚ өкілі қоятын сұрақтар санын шектей алады. Бұл ретте қатысатын бұқаралық ақпарат құралдарының саны да шектелетіні аңғарылады. Ережеде «БАҚ өкілдеріне баспасөз қызметінің көмегімен редакция басшысының жазбаша, ал шұғыл жағдайда ауызша өтініші бойынша фото және бейнематериалдарды пайдалануға мүмкіндік беріледі» делінеді.
Бұған қоса Құрылтай ғимараттарына барған кезде журналистердің іскерлік стильдегі киім үлгісін сақтауы ұсынылып отыр.
Қазақ парламентінің журналистердің еркін жұмысын шектейтін ережесі 8 қыркүйек, Журналистердің халықаралық ынтымақтастығы күні қарсаңында жарияланып отыр. Журналистердің халықаралық ынтымақ күні 1958 жылы Бухаресте өткен Халықаралық журналистер ұйымының конгресінде бекітілген. Атаулы күн журналистер, репортерлер мен тілшілер қауымының кәсіби бірлігін дәріптейді.







