Маңғыстау облысындағы 24 қыркүйектегі трагедия әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізудегі жүйелі кемшіліктерді көрсетті. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту туралы депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
2 қарашада Тengrinews агенттігі осындай ақпарат таратты.
Премьер Каспийдегі қайғылы оқиға әскери жаттығуларды ұйымдастыру кезіндегі жүйелі олқылықтардың бетін ашқанын мойындады.
«Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауды ұйымдастыруда, ықтимал қатерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел ден қоюға дайындықта кемшіліктер бар екені анықталды. Атап айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті назар аудармау, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және оқу-жаттығулардың қауіпті кезеңдерін тоқтата тұру туралы шешімдердің уақтылы қабылдануына тиісті бақылаудың болмауы», — деп тізбелеген премьер Бектенов кемшіліктерді.
Бектенов осы оқиғадан кейін уәкілетті органдар әскери реформа жобасын әзірлегенін айтты. Онда әскери басқару жүйесін жетілдіру және оқу-жаттығуларды жоспарлауды стандарттау қарастырылған.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы «Хазар қорғаны — 2026» әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде теңізшілерді Каспий толқыны ағызып әкеткен. 14 адам қаза тапты. Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Теңізде 17 адам қалып қойған. Үш адам құтқарылып, 14-і қаза тапты. Каспий теңізіндегі 14 адам қаза тапқан жаттығудан соң әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз-жаяу әскері ротасының және «Қайсар» қатерінің командирлері ұсталып, қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Трагедиядан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізуді тапсырды. Президент армияда жүйелі мәселелер бар екенін мәлімдеп, әскери қызметшілердің өлімін офицерлердің, соның ішінде генералдардың кәсібилік танытпауының салдары деп атады. Кейінірек министрлікте кадрлық өзгерістер болды: қорғаныс министрі мен орынбасарлары ауыстырылды. 21 қазанда Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында әскери реформа жоспары мақұлданды. 24 қазанда қорғаныс министрлігі жоспарды іске қосқанын хабарлады.
Қаза тапқан теңізшілердің осы күндері қырқы рәсімдері өтіп жатыр.







