Қазақстандағы жаңа бір палаталы парламент — Құрылтай сайлауын бақылаған ЕҚЫҰ өкілдері дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялады.
Азаттықтың хабарлауынша, Астанада болған баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ-ның арнайы үйлестірушісі Габор Хайду “Құрылтай сайлауына дайындық жақсы болса да, саяси плюрализмі жоқ ортада өтті,”- деді.
“23 тамызда өткен кезектен тыс парламент сайлауы техникалық тұрғыдан жақсы ұйымдастырылғанымен, саяси плюрализмі аз ортада өтті. Додаға түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмады, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат тәртіпке сай өтті, бәсекелес партияларға бірдей мүмкіндік берілді, бірақ жаңа құрылған «Әділет» партиясы негізсіз басымдыққа ие болды. Сайлау комиссиясы бәсекелес партиялардың сеніміне ие болды, дегенмен оның шешім қабылдау процесі толық ашық болған жоқ. Сайлау қарсаңында құқықтық нормалар қайта қаралып, соның салдарынан қоғамдық талқы шектелді, ол ережелер арасында демократиялық сайлаудың халықаралық стандарттарына, соның ішінде саяси қатысуға байланысты басты құқықтық талаптарға сай келмейтін бірқатар норма бар,”- деді ол.
Оның сөзінше, сайлауды 40-тан астам елден 300-ден астам ұйым бақылаушысы қадағалаған, бірақ Қазақстан аумағы үлкен болғандықтан учаскелердің бәрін қамту мүмкін болмағанын атап өтті.
“Жаңа сайлау заңнамасы ендігәрі тәуелсіз кандидаттардың ықтималдығына жол бермейді. Ол жөнінде біз айттық та. Бұл халықаралық стандартқа сәйкес емес және бұған дейін жасаған ЕҚЫҰ ұсыныстарына да кереғар. Бұл бір. Екіншіден, біз өз есебімізде айтқандай, тіркелген барлық жеті партия қазіргі президенттің саясатын қолдайтын болып шықты. Осы тұрғыдан алғанда партиялар арасында ортақ нәрселер мен ұқсастықтар байқалды және бұл қазақстандық сайлаушының таңдау плюрализміне нұқсан келтірді,”- деген ЕҚЫҰ-ның арнайы үйлестірушісі Габор Хайду.






