27 маусымда Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) төрағасы Ермұхамет Ертісбаев қызметінен кетті. ҚХП-ның кезектен тыс өткен құрылтайында жаңа басшы сайланды.
ҚХП-ның жаңа төрағасы болып 40 жастағы кәсіпкер Нұрсұлтан Шоқанов сайланды. Ол 2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясынан Алматы қаласы мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болды, ал 2022 жылғы желтоқсаннан бастап партияның Алматы қалалық, кейін Алматы облыстық филиалдарын басқарған.
Құрылтайда сөйлеген Ертісбаев жаңару кез келген саяси ұйым дамуының табиғи кезеңі екенін, әсіресе жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстан бастан кешіріп жатқан ауқымды саяси өзгерістер жағдайында бұл өте маңызды екенін атап өткен.
«Дамудың кез келген кезеңі жаңаруды талап етеді», — деген ол.
Ермұхамет Ертісбаев биыл 70 жасқа толады. Ол әр жылдары Қазақстанның Беларусьтегі елшісі, Грузиядағы елшісі, президент кеңесшісі, мәдениет және ақпарат министрі қызметтерін атқарған.
Бұдан алдын «Ақ жол», сосын «Ауыл» партиясының басшылары ауысқан болатын.







