Былтыр күзде Shyrshaly экологиялық жобасы аясында отырғызылған 500 Тянь-Шань шыршасы қысты сәтті өткерді. Бұл туралы бағбан-сарапшы Михаил Сушков хабарлады. Тексеру қорытындысы бойынша маман көшеттердің жағдайы жақсы екенін атап өтті. Жобаның келесі кезеңі – суару жүйесін құру.
«Көшеттердің толықтай жерсінгені бізді қуантады. Мамандар олардың жүз пайыз бейімделгенін айтып отыр. Shymbulak үшін ағаш отырғызу ғана емес, олардың әрі қарай өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасау да маңызды. Көшеттерге күтім жасау және олардың жағдайын тұрақты бақылау – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі», — деді Shymbulak Outdoor бөлімінің жетекшісі Махамбет Абдуллаев.
Shyrshaly бастамасы аясында 2026 жылдың күзінде Кіші Алматы шатқалы аумағында Тянь-Шань шыршасы көшеттерін кезекті рет отырғызу жоспарланып отыр.
Shyrshaly экологиялық жобасын Shymbulak тау курорты 2025 жылдың қазан айында бастады. Жоба «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен серіктестікте жүзеге асырылуда. Бастаманың мақсаты – 2011 жылғы жойқын дауыл салдарынан зардап шеккен Кіші Алматы шатқалындағы Тянь-Шань шыршасы орманын сақтау және қалпына келтіру.
Жобаның алғашқы кезеңінде курорт аумағындағы шамамен бір гектар жерге Шренк шыршасының 500 көшеті отырғызылды. Бұл түр Іле Алатауы флорасына тән саналады және биік таулы аймақтардың табиғи жағдайына барынша бейімделген.
Shyrshaly жобасы – курорттың экологиялық, әлеуметтік және ағартушылық бастамаларын біріктіретін Shymbulak Outdoor тұрақты даму бағдарламасының бір бөлігі.







