«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өзін Ресей аумағына кіргізбей қойғанын мәлімдеді.
«Мені Ресейге неге кіргізбеді? 24 сәуір күні сағат 21.00-де 26 сәуірде өтуі тиіс Ресей экологиялық партияларының съезіне қатысу үшін Астанадан Мәскеуге ұшып шықтым. Айта кетерлігі, бастапқыда ресейлік «Аэрофлот» ұшағымен ұшуым керек болатын, бірақ Қазақстанның кедендік және шекаралық бақылауынан өтіп, ұшаққа отыруға бара жатқанымда, маған телефон арқылы тегімнің қандай де бір тізімде бар екенін және бортына жіберілмейтінімді хабарлады. Мен кері қайтып, ресейлік достарыма — Ресей жасылдар партиясына болған жайт туралы хабарладым. Ресей жасылдар партиясы РФ құзырлы органдарына шұғыл сауал жолдап, кейінірек маған ешқандай елеулі кедергі жоқтығын және Мәскеуге келесі қазақстандық рейспен ұша алатынымды, ол жақтан өздері күтіп алатынын айтты», — деп жазды Әміртаев дүйсенбі күні өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Байтақ» төрағасының айтуынша, өзін күтіп отырған жаққа ыңғайсыздық тудырмас үшін ол ең жақын рейс – қазақстандық Scat әуе компаниясының ұшағымен ұшып кеткен.
«Сапарымыз біртүрлі басталды. Ұшу кезінде бізге алдымен ұшақтың Санкт-Петербургке қонатынын хабарлады. Содан кейін Мәскеудегі Шереметьево әуежайына қонамыз деп жариялады. Шереметьевоға қонғаннан кейін ұшақ ішінде тағы екі сағаттай отырдық, содан соң күтпеген жерден: «Внуковоға ұшамыз» деген хабарлама жасалды. Түнгі сағат 3.00-де ғана Внуково әуежайына тұрақтадық. Мен бірінші қатарда отырғандықтан, төлқұжат бақылауына алғашқылардың бірі болып бардым. Сол жерде маған: «Сіз қосымша тексеруден өтуіңіз керек», — деді. Ешқандай түсініктеме берілген жоқ. Түнгі 3.00-ден таңғы 9.00-ге дейін еш мәліметсіз, себебін білместен күту залында отырдым. Мені күтіп алуға келген Ресей жасылдар партиясының өкілдері де сыртта күтіп тұрып, мән-жайды түсіндіруді талап етті», — деп толықтырды саясаткер.
Оның сөзінше, ресейлік экологтар бұл мәселе бойынша прокуратура мен басқа да құзырлы мемлекеттік органдарға жүгінуге уәде берген.
«Сағат 9.00-де маған шекара қызметінің қызметкері келіп: «Құжатқа қол қойыңыз. Сіз Қазақстанға кері қайтарыласыз», — деді. «Неге?» деген сұрағыма «Біз білмейміз» деген жауап алдым. Мен — Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасымын. Мен азаматтық қоғамның атынан келдім. Ресей жасылдар партиясының ресми шақыртуымен экологиялық партиялардың съезіне қатысуға ұшып келдім. Мен заң бұзған жоқпын. Ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқпын. Мен қарапайым ғана сұрақ қоямын: Неге? Барлық елге ортақ мәселе — экология туралы сөйлесуге келген адамды неліктен еш түсіндірместен кері қайтарады? Қоғамдар арасындағы диалогқа неге шекарада тосқауыл қойылады? Бүгін бұл жағдай менің басымнан өтті, ертең кез келген адамның басына түсуі мүмкін», — деп атап өтті партия жетекшісі.
Ол экологияның шекара таңдамайтынына назар аударды.
«Бірақ, өкінішке қарай, диалогтың әлі де шекарасы бар болып шықты. Мұндай (себебін түсіндірмей) жабық есік жағдайларына жол берілмеуі тиіс және бұл ресми түсініктемені талап етеді. Біз есіктерді жаппай, керісінше, көпірлер салуымыз керек. Болған жайт туралы жазу-жазбауды көп ойландым. Дегенмен, халықтар арасындағы достық, партиялар мен азаматтық қоғамдар арасындағы ынтымақтастықта ешқандай кедергі болмауы тиіс деп санайтындықтан, бұл туралы айтуды жөн көрдім», — деп түйіндеді Әміртаев.






