Елдегі белгілі жоба Airan медиа өз жұмысын тоқтатты. Бұл жөнінде редакцияның өзі мәлімдеді. YouTube арнасындағы соңғы хабарында бас редактор Дәурен Меркеев жобаның тең құрылтайшысы, журналист Маржан Елшібаевамен бірге осындай шешім қабылдағанын айтты. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардан, күштік құрылымдардан редакцияға әрқандай бір қысым болмаған.
«Жаңа Airan ашу жоспарда жоқ, бірақ біз бұл кәсіпті тастамаймыз. Әріптестер жұмыс табады деп ойлаймын, себебі бәрі өз ісінің шебері», – деген Меркеевтің айтуынша, Airan бренді әзірге тоқтап тұрады, барлық видео YouTube-тағы арнада сақталып қала береді.
Осыдан үш күн бұрын ғана Меркеев жобаны сақтап қалу бойынша келіссөз жүріп жатқанын, қиындық «уақытша» екенін айтқан еді.
Ал кейіннен жарияланған мәлімдемеде мынандай мәселелер айтылған.
«Екі апта бойы біздің YouTube-арнамызда тыныштық орнады. Осы уақытқа дейін уайымдаған көрермендер мен әріптестерге қиындыққа тап болғанымызды, оны шешуге тырысып жатқанымызды айтып келдік. Шынымен де солай болды. Жұма, 13 наурызда тікелей эфир хабарын жасап, видео жариялауды тоқтаттық. Осы уақытқа дейін жағдайды реттеуге тырыстық. Қолдан келмеді. Airan media жұмысын тоқтатады», — деп жазған редакция Telegram-парақшасында.
«Өкінішке қарай, қазіргі қалыптасқан жағдайда әрі қарай жұмыс істей алмаймыз. Төрт жыл бұрын [Ресейдің Украинаға] соғысы басталып, Қаңтар оқиғасы болғаннан кейінгі кезеңде ашылып, осы аралықта бізге бағыт-бағдар болған принциптерді таңдап алғанбыз. Сол жолмен жүруге барынша тырыстық, өкінішке қарай, қазір бұл мүмкін болмай қалды. Әлемдегі, елдегі жағдай қандай екені түсінікті, оған көз жұмып қарай алмаймыз», – делінген хабарламада.
Airan – Қазақстандағы және әлемдегі қоғамдық-саяси ахуалды талдап, түрлі әлеуметтік тақырыптарға зерттеулер мен репортаждар жасайтын YouTube арна. Орыс тілінде хабар тарататын YouTube-парақшасында 1,18 млн жазылушы бар. Қазақша жағындағы көрермендердің саны 118 мыңнан асқан.







