Қазақстанның жаңа Конституциясы референдумда мақұлданды деп танылды. Бұл туралы дүйсенбі, 16 наурызда өткен брифингте Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров хабарлады.
Комиссия төрағасының айтуынша, жаңа Конституцияға референдумға қатысушылардың 87,15 пайызы дауыс берген.
Бұдан алдын, экзит-поллдың есептеуі бойынша «дауыс берушілер жаңа жобаны қолдады» деп хабарланған. Экзит-полл қорытындысы 16 наурызға ауған түні шығып, сауалнама жүргізуге рұқсат алған үш институт дауыс берушілердің 86 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдады деген. Осы қорытынды нәтижесі жариялана салып, Ақорда президент Тоқаевтың үгіт-насихатқа атсалысқан жастармен кездескені туралы ақпарат жариялады. Тоқаев бұл кездесуде жазда парламент сайлауы өтетінін мәлімдеген.
«Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады,»- деп атап өткен президент осы кездесуде. Президент сонда 15 наурыз Конституция күні болатынын айтқан.
Ал бүгін Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге құқылы 12 миллионан аса адамның 73,24 пайызы дауыс бергенін мәлімдеді. Яғни, 9,1 миллионнан аса адам бюллетень алған.
Азаттық радиосының хабарлауынша, референдум күні бақылаушыларға, журналистерге кедергі жасалып, белсенділер ұсталып, дауыс берушілердің есеп үшін фотоға түсуі байқалған. Алматыдағы Астана алаңында таңертеңнен күзет күшейтілді. Шетелде тұратын оппозиционер, «Қазақстанның демократиялық таңдау» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов жұртты осы алаңға митингіге шақырған еді. Қазақстан ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент бұл қозғалысты «бейбіт оппозициялық ұйым» дейді. Алматыдағы осы алаңда полиция үш адам – Алмат Жұмағұлов, Оралбек Өміров және Сүйіндік Алдабергеновті ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген. Олардың не үшін ұсталғаны сол күйі түсіндірілмеген.
Астанада «Еркіндік қанаты» ұйымының бақылаушысы Рахат Садықов комиссия жұмысын жақыннан бақылағысы келгені үшін залдан сайлау учаскесінен қуылғанын айтты. «Мұқалмас» бақылаушыларын да таңғы 5:40-та Астанадағы учаскеге барғанда «орын жоқ» деп кіргізбей қойғаны хабарланды.
Астанада полиция Жас сайлаушылар лигасының бақылаушысын ұстап әкетіп, ҚДТ қозғалысына қатысы бар-жоғын тексерген.
Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беретін учаскеде Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайды, оған қоса журналист Сәния Тойкенді және Inforumburo.kz тілшісі Әйгерім Ескендірованы ұстап әкетіп, үш сағаттан соң босатқан.
Ал Тоқаев дауыс беріп болған соң журналистер сұрағына жауап беріп, «жаңа Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын, Тәуелсіздігін және егемендігін бекемдейді,»- деген. Ол Конституция жобасын дайындауға «белсенді қатысқанын, кіріспесінің тұжырымдамасы мен басқа да ережелерді жеке өзі ұсынғанын» айтқан. Тоқаев бұған қоса президент сайлауы өз уақытында, 2029 жылы өтетінін мәлімдеп, елде төрт жыл бұрын қос билік болғанын мойындады.







