Иран билігі жарты айға ұласқан наразылық кезіндегі адам шығынын алғаш рет жариялады.
Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Ирандағы наразылықтар кезінде қауіпсіздік күштерін қоса алғанда, шамамен 2000 адам қаза тапты. Аты-жөнін атамауды өтінген ирандық шенеунік сейсенбі күні Reuters агенттігіне сұхбат берген.
Бұл – Иран билігінің жарты айдан бері жалғасып жатқан жаппай бүкілхалықтық наразылықтар басталғаннан бергі құрбан болғандар санын алғаш рет мойындауы.
Дереккөздің мәліметінше, билік наразылық білдірушілердің де, қауіпсіздік күштерінің де қазасына «террористер» деп атаған адамдарды кінәлап отыр.
Алайда, құрбан болғандар туралы нақты ешқандай мәлімет берілген жоқ.
Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрт нашарлауынан туындаған қазіргі наразылықтар Иранның діни басшылығы үш жылдағы ең күрделі ішкі сынаққа айналды. Адам құқықтары ұйымдары бұған дейін жүздеген адамның қазасы мен мыңдаған адамның тұтқындалғаны туралы хабарлаған.
АҚШ-та орналасқан HRANA адам құқықтары ұйымының мәліметі бойынша, дүйсенбі күні 10 мың 700-ден астам тұтқындау фактісі тіркелген, бірақ бұл сандар ресми түрде расталған жоқ.
Шетелдегі оппозициялық Iran International веб-сайты 13 қаңтарда нақты қаза тапқандар саны 12 мыңға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Есепте бұл сандар ел ішіндегі әртүрлі көздерден, соның ішінде қауіпсіздік агенттіктері мен медициналық мекемелерден алынған ақпаратқа негізделгені айтылған. Бұл хабарламаларды ресми органдар растаған жоқ және тәуелсіз тексеру мүмкін емес.
Иран билігі бұған дейін мұндай болжамдарды жоққа шығарып, наразылық акцияларын сыртқы күштер пайдаланды және ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық ұйымдастырды деп мәлімдеген.
Сейсенбі күні АҚШ және Еуропаның бірнеше елі 16 қаңтарға дейін өз азаматтарын Ираннан кетуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен ынтымақтасатын елдерге 25 пайыздық баж салығын енгізетінін жариялады. 2024 жылы Иран мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 340 млн АҚШ долларын құрады. Қырғызстанмен арадағы сауда көлемі 58,5 млн доллар болса, Тәжікстанмен сауда 377,7 млн долларға жеткен. АҚШ-тың Түрікменстанмен сауда айналымы шамамен 600 млн долларды құраса, Өзбекстанмен бұл көрсеткіш 500 млн долларға жуықтаған.
2025 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің әрқайсысы Иранмен арадағы тауар айналымын келешекте 2–3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде келісімге келген.






