3-10 наурыз аралығында бір апта бойы Шымбұлақ шаңғы тау курортынан шетелдік журналистер шықпай қойды. Бұл журналистер Шымбұлақта наурыздың басында өткен фристайл әлем кубогын жазуға, содан хабар таратуға келгендер емес. Керісінше, бұл журналистер өздері рекорд жаңарту үшін, әлем чемпионатын өткізуге келгендер.
Сонымен, шаңғыға әуес журналистердің SCIJ (Халықаралық журналистердің шаңғы клубы) 69-шы бейресми әлем чемпионаты биыл Шымбұлақта өтті.
Бұл жарысқа отызға жуық мемлекеттен бас-аяғы 150-ге жуық тілші келді.
Бірден айта кететіні, бұлардың бәрі спорт журналистері немесе кәсіби спортшылар емес. Бірі саясат, бірі геосаясат, енді бірі тарих пен мәдениетке ден қойған, түрлі салаға, сан алуан тақырыпқа қалам тербеген, телеарна мен радиоларда, газет-журналдарда, сайттар мен әлеуметтік желіде жұмыс істеп жүрген тілшілер. Яғни, әр тілшінің артында үлкен аудиториясы, көрермені, оқырманы, тыңдарманы бар.
Қырық тақырыпты қамтыған, тілдері басқа, мемлекеттері басқа осы тілшілердің басын бір ұйымға шаңғы спорты біріктіріп, биыл Шымбұлаққа жетектеп келген. Бірақ, бұл ұйымның мақсаты журналистерді тек шаңғыдан жарыстыру ғана емес.
Сонда, SCIJ-дің мақсаты не?
Бұл сұраққа жауап беру үшін, тарихқа қысқаша тоқталу керек.
SCIJ халықаралық клубы 69 жылдан бері жұмыс істейді және әлемнің 31 елінен және үш континенттен – әлемдегі жетекші шаңғы державаларының 3 мыңнан астам белсенді журналистін біріктіреді. SCIJ клубының президенті – канадалық Фредерик Уоллес, ал бас хатшысы – бельгиялық Бруно Шмитц.
Клубтың негізін қалаушы француз Жиль де Ла Рокк, ол Куршевельден шыққан журналист және шаңғышы. Екінші дүниежүзілік соғыста бірімен бірі жауласқан Еуропа елдерінің саясаткерлері мен басшыларының өкпе-реніші, өштігі соғыстан соң да оңайлықпен басыла қоймады. Бұл өштік саясаткерлерден журналистерге де тарай бастады. Осы теріс құбылысты анық байқаған Жиль де Ла Рокк үкіметтер арасындағы келіспеушіліктер журналистер мен спортшылардың еркін қарым-қатынас жасауына кедергі болмауы керек деген идея көтерді. Бұл SCIJ ұраны болды. Содан бері шаңғыға әуес журналистер жыл сайын бас қосып, жарыс өткізіп, барған елінің жаңалығы мен жақсылығын, тарихы мен мәдениетін өз аудиториясына баяндап, ел мен жұртты елдестіріп, журналистика саласындағы соңғы жетістіктер мен түйткілдерді талқылап келеді.
SCIJ-дің бейресми әлем чемпионаты Қазақстанда қалай өтті?
Негізі журналистер арасындағы бұл чемпионат Қазақстанда 2021 жылы өтуі тиіс еді. Бірақ, коронавирус пандемиясы кедергі келтірді.
Содан көптен күткен күн де жетті. Қонақтардың бәрі келді. Шымбұлақтың басында ән мен жыр төгіліп, ресми ашылу болды. Әр команда таныстырылып, бастасын алды. Аяққа шаңғы байланды. Шымбұлақ шатқалында шаңғымен құлдилап түсе бастағанда Алматы жері сілкініп, тауы бір тербелді. Қонақтар тосылды да қалды. Ал біз түк болмағандай тұра бердік. Күнделікті әдеті, бұл таудың еркелігі бар дедік.
Сан жылдан бері осы жарыстан қалмай қатысып жүрген шетелдік журналистер «шаңғы теуіп келе жатып жер сілкінісін бірінші рет көрдік, бұл өзі естен кетпейтін жағдай болды» деп бас шайқады. Бірақ, олар сол сәтте естерінен кетпейтін жағдайдың бір аптаның ішінде көп боларын және таңырқап бірнеше мәрте бас шайқайтындарын білмеген еді.
Мәселен, бұл журналистердің 99 пайызы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бірақ, әйгілі әнші Димаш Құдайбергенді жақсы білетіндері баршылық. Әрине, қазақы салтпен қонақтарды ән айтып, домбыра тартып, құрметтеп қарсы алдық. Қонақтарымыз қай тілде болса мәнеріне жеткізіп ән салатын әншілердің талантына расымен таңқалды.
Қазақстанның тарихы мен дамуына із қалдырған шетелдіктер туралы әңгіме қозғадық. Қазақтардың әлем өркениетіне қосқан үлесін айтып өттік.
Банк жүйесінде цифрландыру үрдісінде дамыған елдерден әлде қайда озып кеткенімізді айтып, Каспии банк қосымшасының сиқыры мен бір минутта карточка шығарып беретініне бастарын шайқады. Айта кетерлігі, SCIJ ұйымының Қазақстанда өткен бұл жарысына демеушілік көрсеткендерді бірі осы – kazpi.kz.
Алматының басты мұражайларын, көрнекті жерлерін толықтай аралап шығып, мол ақпарат алған шет ел журналистері ұлттық ойын көкпарды да көзбен көріп, тәнті болғандарын жасырмады.
Ал жарыстан босаған сәтте қазақстандық сарапшылармен әлемдегі, аймақтағы өзекті мәселелерге пікір алысып, жиын өткізді.
Сонда былай қарасаң, жарысқа келді деген аты болмаса, шетелдік журналистер негізінен Қазақстан туралы өз елдеріне ақпарат тартуға келіп тұр. Мұны Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев жете түсініп, SCIJ клубының президент Фредерик Уоллас бастаған топты арнайы қабылдап, Алматы тау кластері мен тау шаңғысының болашағы жайын баяндады.

Ал биыл 70 жылдығын атап өтіп жатқан «Шымбұлақ» курортының директоры Ринат Әбдірахманов бұл курорттың қала орталығынан 20 минуттық жерде ғана екенін, әлемде қала мен шаңғы курорты тиіп тұрған орындар саусақпен санарлық екенін айта келіп, Алматы туризмі қай жағынан алып қараса да, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, осы шараның өтуі мен ұйымдастыруының басы-қасында жүрген
«KazakhTourism» ұлттық компаниясы 30 шақты елден келген 150 журналистке еліміздің әр аймағындағы туристік орталықтарды таныстырып, мазмұнды кездесулер өткізді.
Қазақстанға келіп, Алматы, Түркістан қалаларын, Шарын шатқалын көрген шетелдік журналистердің SCIJ клубының президент Фредерик Уоллас үлкен алғысын айтты.
Бұл жарыс пен кездесуге Алматы туристік бюросы, Kaspi Bank, Orbis Auto, Everest Development, Lotte-Rakhat, Еуразиялық сақтандыру компаниясы және Turkish Airlines демеушілік жасады.
Ал жарыс нәтижесіне келсек, SCIJ Қазақстан клубы гигант слам жарысында Junior санатында Егор Ильин екінші орын алды.

Ал жүгіру шаңғысында ерлер арасында жас санатына қарай, Сұңқар Қарабалин, Егор Ильин бірінші орын, Андрей Кукушкин үшінші орын алды. Қыздар арасында Наталья Качалова екінші орын алды.
Айта кетерлігі халықаралық SCIJ клубына Қазақстан журналистері 2013 жылы мүше болған. Ол кезде SCIJ Қазақстан клубында үш журналист қана болса, бүгінде 40-қа жетіп отыр. Әр түрлі редакцияда қызмет ететін бұл журналистер қысқы спорт түрлерін, салауатты өмір салты мен туристік саланы насихаттап жүр.






