Мемлекеттік айыптаушы саяси белсенді Ермек Нарымбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру және бес жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын сұрады. Астанадағы ауданаралық қылмыстық сотта өткен жарыссөзде прокурор Кристина Ким Нарымбаевқа заңды күшіне енген сот актісін орындамай, Қылмыстық кодекстің 430-бабын бұзды деген айып тақты.
Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Мәліметке қарағанда, Ермек Нарымбай сотта әлі соңғы сөзін айтқан жоқ. Бұған дейін ол тағылған айыпты жоққа шығарып, оны негізсіз деп атаған.
Прокурордың айтуынша, Ермек Нарымбаев «дәл осындай әрекеттері үшін бұрын да әкімшілік жазаға кесіліп, пробация қызметінің ескерткеніне қарамастан құқыққа қарсы әрекеттерін жүйелі түрде жалғастырған».
Ермек Нарымбайдың адвокаты Василий Садықов қорғауындағы азаматттың Конституция жобасын сынау арқылы «конституциялық құқығын пайдаланды» деп санайды. «Құқықтық мемлекет саяси плюрализмге ешқандай шартсыз мүмкіндік береді. Кез келген адам қоғамдық-саяси тақырыпқа пікір білдіріп, Конституция жобасының қай тұсымен келіспейтінін айта алады,» — дейді Василий Садықов.
Биыл 5 ақпанда Астананың тергеу соты Ермек Нарымбаевты қамауға алған еді. Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: «Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті» деп жазған.
2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа «қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына» тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот үкімін орындамады” деген айып тағылған.
Ермек Нарымбаев бұған дейін де «сот шешімін орындамағаны үшін» әкімшілік жазаға тартылған еді. Адвокатының сөзінше, бұл жолы оған қылмыстық бап қолданылып отыр.







