Муджтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі болып сайланғаннан кейін алғаш рет көпшілікке мәлімдеме жасады. Ол әскерді өңірдегі АҚШ базаларына соққыны жалғастыруға шақырды. Хаменеи аймақ елдеріндегі АҚШ базаларын жабуды талап етіп отыр.
Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Муджтаба Хаменеидің мәлімдемесі мемлекеттік телеарнаның эфирінен оқылған. Мәлімдеме мәтіні сонымен қатар жергілікті БАҚ-та да жарияланды. Камераның алдына кіші Хаменеи шыққан жоқ.
«Жауынгер бауырлар! Халық қорғануды талап етіп отыр. Ормуз бұғазы сияқты қысым көрсету құралын бұдан әрі де қолдана беру керек», — деді жаңа сайланған жетекші. Сондай-ақ ол Иранның сыртқы агрессияға берілмейтінін айтқан.
Бұған қоса Муджтаба Хаменеи өзінің әйелі қаза тапқанын, ал 28 ақпан күні АҚШ пен Израильдің алғашқы әскери операциясы күні әпке-жездесінің және баласының мерт болғанын растады.
Кіші Хаменеи өзі сайланғаннан бері ел алдына шықпаған және бүгінге дейін мәлімдеме жасаған емес. Осыған дейін БАҚ өкілдері Иранның жаңа көшбасшысының Америка мен Израильдің жақында жасаған шабуылдарынан жарақат алғанын жазған. Иран сыртқы істер министрлігі жетекшінің жағдайы жақсы екенін және қауіпсіз жерде екенін айтып отыр.






