Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді қызметті имитациялауды енді болыдрмауды талап етті. Бұл туралцы ҚазТАГ агенттігі хабарлайды.
«Үкімет алдында шұғыл міндет ретінде инфляцияның тұрақты әрі қолайлы деңгейін қамтамасыз ету, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін сақтау, сондай-ақ, менің өткен жылғы жолдауымда жариялаған жаңа инвестициялық циклін толыққанды жүзеге асыру міндеті тұр. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу жай ғана қосалқы функция емес, экономикалық дамудың негізгі өзегіне айналуы тиіс. Жасанды интеллект негізіндегі цифрландырудың басты міндеттері – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағытталған секторларын құру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру», — деді Тоқаев сейсенбіде өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, бұл жаңа инвестициялық циклді жүзеге асыру арқылы елдің заманауи индустриялық, энергетикалық және көлік негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жасанды интеллектіні енгізуді жай ғана әдемі ұран емес, экономикалық модельдің негізі және ұлттық идеологияның бұлжымас өзегі деп қабылдау керек. Осындай жауапты сәтте сауатты, батыл, тиімді әрі дер кезінде басқарушылық шешімдер қабылдай отырып, оқиғалардан озып әрекет ету өте маңызды. Бос ұсыныстар, пайдасыз презентациялар және есеп беру үшін ғана жасалатын көзбояушылық өткен күннің еншісінде қалуы тиіс. Барлық мемлекеттік аппарат бүкіл қоғам көре алатындай нақты нәтижелер үшін жұмыс істеуге міндетті», — деді Тоқаев.







