7 ақпанда Конституциялық комиссия мүшелері теңгені ұлттық валюта ретінде Конституция деңгейінде бекіту туралы ұсынысты қолдады.
Tengrinews ресурсының хабарлауынша, бұл туралы Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеп, жобада ұлттық валютаның мәртебесі қалай нақтыланатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, теңгені конституциялық тұрғыда бекіту ұсынысын іске асыру аясында жоба Конституциясының 2-бабы 6-тармақпен толықтырылған.
«Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге. Теңгені эмиссиялауға айрықша құқық Қазақстан Республикасына тиесілі»- деп көрсетілген жобада.
Нұрмұханов бұл бастама бұған дейін комиссия отырыстарында Айдарбек Қожаназаров пен Нұртай Сәбилянов тарапынан талқыланғанын, сондай-ақ азаматтардың өтініш-ұсыныстарында да көтерілгенін айтты.
Айдарбек Қожаназаровтың ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекітуді ұсынған кезде айтуынша, теңгені Ата заңда нақты көрсету экономикалық тәуелсіздікті нығайтып, қаржы саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда теңгенің мәртебесі заңмен реттелгенімен, әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл норманы Конституция деңгейінде бекіту маңызды.
Депутат бұл тәжірибе басқа елдерде де бар екенін атап өткен. Мысалы, Әзербайжанда – манат, Арменияда – драма, Қырғызстанда – сом ұлттық валюта ретінде Конституцияда көрсетілген. Осыған байланысты ол «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» нормасын Конституция жобасына енгізуді ұсынған еді. Ал тағы бір депутат Нұртай Сәбилянов теңгенің тек ақша айналымының негізі ғана емес, сонымен бірге оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін эмиссиялық орган – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің рөлін Конституцияда нақты көрсету қажеттігін атап өткен болатын.







