Дүйсенбі, 13 қазан күні Парламент мәжілісі ішкі істер министрлігінде көшпелі үкімет сағатын өткізіп, онда депутат Ринат Зайытов министр Ержан Сәденовтен қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығы жайлы сұрады.
Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
«Сіз жаңа баяндамаңызда өте жақсы сөз айттыңыз Ержан Сапарбекұлы. «Түзету мекемесінің мақсаты – сотталғандарды тәрбиелеу» дедіңіз. Мен көп ньюанстарына бармай-ақ қояйын. Бірақ Қызылорда қаласының №60 түзету мекемесінде Мұхамедкәрім Думан Алмасұлы деген сотталушы бар. Оның не үшін сотталғанын, қалай сотталғанын барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Мен оған тоқтағым келмейді. Жарайды, тағдыры маңдайына жазылған. Өткенде Ермұрат Сейітқазыұлы [Бапи] сол жігіттің денсаулығына байланысты депутаттық сауал жолдады. Енді келген жауапқа не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Ол жауаптан сіз де хабардар шығарсыз. Менің сізге бір жағы өтінішім, бір жағы сұрағым. Мұхамедкәрім Думан Алмасұлының денсаулығын жабдықталған ауруханада тексертіп алу үшін не істеуіміз керек?»- деді мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз жауабында қазір түзету мекемелерінің жанындағы денсаулық сақтау қызметі Ішкі істер министрлігіне қарамайтынын, адам өміріне қауіп болған кезде ауруханаға жатқызу туралы өтінішті дәрігерлер беретінін айтты.
«Мен сіздің сұрағыңызды түсіндім. Қазір қандай екенін қарап көрейік, сізге жауап береміз,»- деді министр.
Былтыр тамызда Қонаев қаласының соты «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты» деп айыпталған журналист Думан Мұхамедкәрімді кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің өзі бұл айыппен келіспейді. Ол соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялаған. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.







