Қытай Қазақстанда АЭС салу жобасы аясында Алматы және Жамбыл облысындағы белгіленген жерлерді зерттейді. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевқа сілтеп Kazinform агенттігі хабарлады.
«Қытайлық мердігерлердің атом станциясын салуға қатысу мүмкіндігін зерттеу жөнінде тиісті меморандумға қол қойдық. Олар мүмкіндіктерді зерттеп жатыр. Шамасы, жағдай «Росатоммен» болған сценарийге ұқсас өрбиді,»- деп келтірді агенттік Сәтқалиевтің сөзін.
Агенттік төрағасының сөзінше, әуелі Қытай тарапы іздеу-жобалау жұмыстарын жүргізуге қызығушылық танытуы қажет.
«Бұл тұрғыда Алматы және Жамбыл облыстарындағы алаңдар зерттеледі. Біз қазір әкімдіктерге жүгініп, сол алаңдарды белгілеуді және зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруін сұрап отырмыз. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін нақты қорытынды жасалады,»- деді ол.
Қазақстан билігі елде АЭС салу жайлы референдум өткізіп, оң нәтиже алған соң, екінші және үшінші станция салынатынын мәлімдеген. Рефрендум алдында елде неше АЭС салынатыны айтылмаған. Алғашқы станцияны «Росатом» жетекшілік ететін консорциум салмақ. Екінші және үшінші станцияны Қытай компаниясы салуы мүмкін.







