Парламенттің реформа жасау жөніндегі жұмысы тобының алғашқы отырысынжа президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 40-қа жуық бабы өзгеретінін хабарлады.
«Мемлекет басшысы ретінде мен үшін парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керекі», — деген президент Тоқаев.
Айтуынша, парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келетін әрекет.
«Біріншіден, біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді. Естеріңізде болса, саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік берілді. Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында біз мәжілістің құзіретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде мәжіліс заң қабылдайды, ал сенат мақұлдайды. Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы парламентке өтуді бастаймыз», — дейді президент Тоқаев.







