30 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын қосуды ұсынды.
“Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды,»- деген Қазақстан президенті.
Ел басшысы бұған қоса орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздердің кездесетінін еске салған.
«Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді,» — деген президент Тоқаев өзімен көршілес, діндес, тегі бір елмен соғысып жатқан Ресей федерациясы туралы.
Әдетте көптеген ұлттарының тілі мен дәстүрі жоғала бастаған Ресей басшылары халықаралық ұйымдар алдында мультимәдениетті ел туралы айтып жатады. Яғни, керек жерінде құрамындағы ұлттар мен ұлыстар туралы айту қалыптасқан. Ресей бұған дейін Ислам ынтымақтастығы ұйымына да бақылаушы мүше деңгейінде қатысып келеді. Ислам ынтымақтастығы ұйымы бұрын Ислам конференциясы ұйымы аталған. Сол кезде Путин Ресейдегі мұсылмандар санына меңзеп, осы ұйымға мүшелікке өтуге тырысқан.







