Британдық комик Саша Барон Коэн өзінің ең танымал кейіпкері — ойдан шығарылған журналист Борат Сагдиев үшін Қазақстан халқынан эфирдегі бағдарламада кешірім сұрады. Happy Sad Confused подкастының эфирінде актер өзі жасаған сатиралық бейненің шынайы Қазақстанға, оның мәдениеті мен азаматтарына ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
29 қазанда бұла туралы Tengrinews ақпараттық ресурсы хабарлады.
Бағдарламада актер Борат туралы алғашқы фильм шыққаннан кейін Қазақстан елшілігі ресми шағым жолдағанын еске алып, бұл наразылықтар негізді болғанын мойындады.
«Осы сәтті пайдалана отырып, қазақстандықтар, сіздерден кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізбен сөйлей алмаймын. Жалпы сіздердің акценттеріңіз қандай екенін де білмеймін. Өтінемін, қазақстандықтар, ренжімеңіздер. Мен сіздерге тек құрметпен қараймын», — деген Саша Коэн.
Жобаның мақсатын түсіндіре отырып, комик сатира Қазақстанға қарсы емес, керісінше, америкалық және еуропалық қоғамның надандығы мен стереотиптеріне бағытталғанын атап өтті.
Коэннің тұлғасы төңірегіндегі жаңа талқылауларға актердің тағы бір танымал кейіпкері — Али Джиге арналған Ali G: Who Iz I? фильмі себеп болды. Борат осы комедияның екінші трейлерінде бой көрсеткен. Промороликтің желісі бойынша Борат ойдан шығарылған мемлекеттік құрылымдар — «Қазақ кинокомиссиясы» және «Қазақстанның тіл департаменті» атынан сөйлейді. Трейлерде Борат Али Джиді хип-хоп мәдениетінің өкілдеріне еліктегені үшін сынайды. Бұдан бөлек, кадрда Коэннің тағы бір кейіпкері — полковник Эран Морад пайда болады. Актер өз кейіпкерлері арқылы стереотиптерді, алдын ала қалыптасқан теріс пікірлер мен қоғамдық құбылыстарды келеке етеді.
Алғашқы «Борат» фильмі 2006 жылы шықты. Сюжет бойынша ойдан шығарылған қазақстандық журналист америкалық мәдениетпен танысу үшін АҚШ-қа аттанады. Сапар барысында кейіпкер түрлі жағдайларға тап болады, сол арқылы фильм авторлары қоғамдағы теріс түсініктерді, нәсілшілдікті және басқа да құбылыстарды келемеждейді. Бұл ретте фильмде Қазақстан ойдан шығарылған дәстүрлер мен стереотиптер арқылы көрсетілген. Көптеген қазақстандық елдің мұндай бейнесін қорлау деп қабылдады. Фильм Қазақстанда прокатқа шыққан жоқ.
2020 жылы Коэн «Борат-2» атты жалғасында бұл кейіпкерге қайта оралды. Туынды сатиралық шығармаларда ел атауын және ұлттық стереотиптерді пайдаланудың қаншалықты орынды екендігі туралы жаңа сын мен талқылау тудырды.







