Сөз еркіндігін қорғаумен айналысатын «Әділ сөз» қоры Facebook-парақшасы Қазақстан аумағында бұғатталғанын мәлімдеді. Қор өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желі әкімшісі бұғатқа авторлық құқықтық бұзылуы түрткі болды деген.
«Әділ сөз» Facebook иесі Meta компаниясына жүгініп, бұғат себебін егжей-тегжейлі түсіндіруді және парақшаны бұғаттан шығаруды сұраған.
«Әділ сөз» өкілдерінің айтуынша, қордың Facebook-парақшасы шетелден ашылып тұр, яғни бұғат тек Қазақстан аумағында іске қосылған. Facebook нақты қандай авторлық құқық бұзылғанын хабарламаған.
Қордың мәлімдеуінше, бұғат алдында Facebook «Әділ сөздің» Ulysmedia журналисі Әсем Ғұмарова туралы жазбасын өшірген. Жазба Ғұмароваға парламент брифингінде тақырыптан тыс сұрақ қойған үшін шара қолданғаны жайлы болған. Ulysmedia Құрылтай брифингіндегі талапты тағы бір рет бұзса, аккредитациясынан алты айға айырылуы мүмкін.
«Әділ сөздің» парақшасы тұғатталар алдын қор Түркістан облысында журналист Амангелді Батырбеков екі айға қамауға алынғанын хабарлаған. «Сарыағаш-Информ» басылымының бас редакторы Амангелді Батырбеков бұған дейін жала жабу айыбымен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді. Ол қайта қамалды. Журналистің әріптестері бұл шешімді Амангелді Батырбековтің «Сенсация деуге әлі ерте немесе Құрал Сейітханды неге ұстады?» деген видеожазбасымен байланыстырады», — делінген хабарламада. Бұрын да істі болған журналист 3 қазанда қамалған.
«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 149-орында тұр.







