Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов 7 қыркүйекте «бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын есепке алу туралы шешім шығарды. Соған сай, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан алды. Қазақ бауырларымызды жеңістерімен құттықтаймыз,-» деген жазба таратты.
Алагөзов мұндай мәлімдемені Facebook парақшасында жазды.
Қырғызстанда Көшпенділер ойыны аяқталған соң қазақстандық пабликтер жариялаған жалпыкомандалық есепте Қазақстан 32 алтын, 20 күміс, 22 қоламен — бірінші орында, Қырғызстан 30 алтын, 35 күміс, 19 қола медальмен екінші орында тұрды.
Іле-шала Көшпенділер ойынын ұйымдастырушылар желідегі ресми парақшаларында Қырғызстан бірінші орында тұрған есепті жариялады. Ұйымдастыру комитетінің кестесіне сай, Қырғызстанда 30 алтын, 29 күміс, 13 қола, ал Қазақстанда 29 алтын, 16 күміс, 19 қола деп көрсетілген. Артынша бұл нәтижені ұйымдастыру комитеті баспасөз мәслихатында да хабарлады.
Екі түрлі кесте қазақ-қырғыз жанкүйерлерінің желіде дауласуына себеп болды. Ал Қазақстан спорт және туризм министрлігі де ел құрамасы Көшпенділер ойынында 32 алтынмен жалпы есепте бірінші орын алғанын, Қырғызстанда 30 алтын медаль иеленгенін жариялады.
Артынша қазақстандық журналистері жарыстың соңғы күні, яғни, 6 қыркүйекте Қазақстан спортшылары тоғызқұмалақтан жеңген екі алтын мен мангаладан иеленген бір алтын жалпы есепке қосылмай қалғанын айтты.
Желіде дау қызып, ұйымдастыру комитетіне сұрақ туындаған тұста Көшпенділер ойынының инстаграмдағы ресми парақшасында жарияланған жалпыкомандалық есептің кестесі алынып тасталды.
Ал Қырғызстан дене шынықтыру және спорт агенттігі ресми парақшаларында «6-Дүниежүзілік көшпенділер ойынының концепциясына сай, елдердің жеңіп алған медальдары бойынша жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді,»- деп жариялады. Бірақ жарыс ұйымдастырушылары жалпыкомандалық есепті ойын басталғаннан жүргізіп келген еді.
Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел құрамасын Көшпенділер ойынында «табысты өнер көрсетуімен құттықтап», спортшылардың нәтижесі «жоғары» деп бағалаған. Ойын аяқталардан бір күн бұрын Қазақстан президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жетістікке жеткендердің еңбегі еленетінін айтқан.







