Жаңадан құрылатын бір палаталы парламентке 145 депутат партиялық тізім бойынша бес жылға сайланады. Елде вице-президент лауазымы мен Конституцияға бұрынғыдан да көп өзгерістер енгізіледі. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімеді.
20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қос палаталы парламенттің орнына жаңадан келетін бір палаталы парламент құрамы жайлы түскен ұсыныстарды жария етті.
«Бір палаталы парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады», – деді президент.
Ол болашақ жаңа парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды.
«Құрылтай деген атау беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын… Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», – деді президент.
Бұған қоса 1995 жылғы Конституция қабылданған кезде қысқарып қалған вице-президент лауазымы қайта енгізілмек. Тек бұрын халық президент сайлаған кезде вице-президентті қоса сайласа, енді оны лауазымға тағайындап қою тәртібі ұсынылып отыр. Мұны Ұлттық құрылтай отырысында президент Тоқаев айтты.
«Әңгіме Қазақстан Республикасы вице-президенті институтын құру және оны Конституцияда тиісті түрде бекіту жөнінде болып отыр. Вице-президентті президент парламенттің қарапайым көпшілік дауыспен берген келісімі негізінде тағайындайды. Оның өкілеттігі аясын мемлекет басшысының өзі айқындайды», – деді президент.
Айтуынша, вице-президент мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық форумдар мен шетелдік делегациялармен жүргізілетін келіссөздерде Қазақстанның мүддесін білдіреді, парламент отырысына президент өкілі ретінде қатысып, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Президент алдағы уақытта мемлекеттік кеңесші қызметі қысқаратынын айтты. Осы қызмет енгізілгеннен бері оны Ерлан Қарин атқарып келеді.






