АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға әскери күш қолданбайтын сияқты, ол бар болғаны Тегеранды да ұстамды болуға шақырған. Бұл туралы мәліметті Иранның Пәкістандағы елшісі Реза Амири Моқадам жариялап отыр.
Иран билігі өкілі ретінде елшінің айтуынша, қазір Ирандағы жағдай толық бақылауда. Алайда мемлекет төтенше дайындық режимін сақтап отырған сияқты. Дипломат егер кез келген агрессия орын алса, Тегеран АҚШ пен Израиль объектілеріне қарсы соққы жасауға дайын екенін ескертті.
АҚШ президенті Дональд Трамп болса, Иран билігі үкіметке қарсы наразылыққа қатысушыларды дарға аспайды деп мәлімдеген. Бұл жөнінде NBC News жазды. Трамптың сөзінше, АҚШ-қа «Иранда адам өлтіру тоқтағаны жөнінде» ақпарат келіп түскен.
Ол Тегеран наразыларды дарға аса бастаса, Вашингтон Иранға қарсы қатаң шара қолданатынын ескерткен.
АҚШ пен құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Иран 14 қаңтарда алғашқы наразылыққа қатысушы – 26 жастағы Эрфан Солтаниды дарға аспақ болған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, наразылық басталғалы бері Иранда 2 мыңнан астам адам қаза болған.
Трамп үкіметке қарсы акцияға қатысушылардың жазаға тартылуын айыптады.
Вашингтон санкциядан бастап әскери соққыға дейін – Тегеранға қысым жасаудың түрлі амалдарын қарастырып жатыр. Reuters-тің Еуропадағы дереккөзінің хабарлауынша, АҚШ Иранға бір тәулік ішінде соққы жасауы мүмкін. Осындай ақпарат тараған шақта АҚШ Таяу Шығыстағы ірі әскери базаларынан әскерін шығара бастаған.






