Иран полициясының басшысы Ахмад Радан «қауіпсіздік күштері және құқық қорғау органдарының бірігіп қимылдауының арқасында» наразыларға қарсы көбірек күш қолданылғанын мойындады. Бұл жөнінде Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосы хабарлады.
Раданның сөзінше, «сот-медицина сараптамасының қорытындысына қарағанда, қаза болғандардың едәуір бөлігі суық қару мен пышақ жарақатынан» мерт болған. Бұл адамдарды «қауіпсіздік күштері» емес, «үйретілген және басқармалы элементтер» өлтіргенін көрсетеді.
Мұндай мәлімдеме Иран күштік құрылымдарының наразыларға тікелей оқ атып жатқаны көрінетін видеолар мен хабарламалар тараған шақта жасалып отыр.
Фарда радиосы мен CNN арнасы куәгерлерге сүйене отырып, ауруханалардың толып кеткенін хабарлады.
Тегеранның шығыс бөлігінде тұратын куәгерлердің бірі Ислам ревоюциясы сақшылар корпусы кіргеннен кейін қалада іс жүзінде әскери бақылау орнағанын айтты. Көшеге шығу наразылар үшін қауіпті бола бастаған, ал түнде үздіксіз атыс естіледі.
Үкімет құрылымдары әзірге ұсталғандардың санын жарияламады.
HRANA құқық қорғау ұйымы кемінде 100-ден астам адам қаза болғанын хабарлады. Басым бөлігі жақын қашықтықтан атылған оқтан қаза болған.
Қаза болғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін, себебі құқық қорғаушылар тек расталған адам шығынын ғана тіркеген.
Netblocks сайтының мәліметінше, Иранда интернеттің өшкеніне 60 сағаттан астам уақыт болған. Бұған қарамастан, спутник және балама арналар арқылы Тегеран мен өзге қалалардан видеоайғақтар жарияланып жатыр.
БҰҰ тәуелсіз миссиясы Тегеранды интернетті дереу қалпына келтіруге және қудалауды дереу тоқтатуға шақырды. Ұйымның есебінде 28 желтоқсанда басталған наразылық елдің кемінде 46 қаласына жайылғаны айтылған.
Республикашыл-сенатор Линдси Грэм Ирандағы наразыларды қолдады.
Наразыларға қайырылған ол ирандықтардың қысымға ұшырағаны жайлы хабарламалар «АҚШ президенті және барлық бостандықсүйгіш азаматтарға» жеткенін айтты.
Грэм Иранды «аятолла мен оның жақтастары билікте отырғанда ешқашан Иранның көсегесі көгермейді» деді.
Бұған дейін АҚЩ президенті Дональд Трамп АҚШ «Иранды азат етуге» көмектесуге дайын деп мәлімдеген.
Иранда жарты айға жуық уақыттан бері наразылық жалғасып жатыр. Соңғы күндері күшейе түскен наразылықта билік күштерімен қақтығыс болып, жүздеген адам қаза тапқан. Жараланғандар мыңдап саналады.
Елде соңғы 3-4 күнде интернет және телефон байланысы толықтай өшірілген. Ұлттық валюта бағамының өсіп, бағаның қымбаттауынан туындаған наразылық соңы саяси талаптарға ұласты. Адамдар билік басындағы дін адамдары орындарынан кеткенше наразылықты жалғастыратынын айтып, ұрандап жүр.
Наразылықты АҚШ президенті Дональд Трамп және өзге де батыс елдері қолдайтынын білдірген. Билік соңғы 2-3 тәулікте шеруге шыққандарды аяусыз басып-жаныштауға кіріскен. Бірақ наразылыққа шыққандар да көшеге жиналуын одан сайын үдетіп келеді. Арада арандатушылардың болғаны жайында да айтылады.






