• Жоба туралы
  • Байланыс
  • Редакция туралы
  • Ақпарат жіберу
Aramedia.kz
  • Жаңалықтар
  • Әлеумет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Жаһан
  • Әділет
  • Оқиға
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Әлеумет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Жаһан
  • Әділет
  • Оқиға
No Result
View All Result
Aramedia.kz
No Result
View All Result
Басты бет Жаңалықтар

«Транзит жайлы айтуға ерте». Президент Қаңтар оқиғасын «жөнсіздік» деп атады

aramedia.kz Автор: aramedia.kz
6 января, 2026
«Транзит жайлы айтуға ерте». Президент Қаңтар оқиғасын «жөнсіздік» деп атады
Share on FacebookShare on Twitter

5 қаңтарда Turkistan газетінде жарияланған сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік транзитіне ерте екенін айтты. Президенттің бұл сұхбатында басқа да жайлар қозғалған. Алайда тура 4 жыл толғанда Қаңтар оқиғасы туралы президент үйреншікті уәжін айтып, жауап берген.

Turkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлының «билік транзиті туралы не айтасыз?» деген сауалына Тоқаев: «Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар» деп жауап берген.

2022 жылы Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер нәтижесінде президент қызметінің мерзімі бұрынғы 5 жылдан ұзарып, 7 жыл болып белгіленген, алайда бір адам тек бір-ақ рет президент болып сайлана алады деген шектеу пайда болды. Заң жаңартылғаннан кейін сол жылы күзде кезектен тыс сайлау өтіп, Тоқаев бұл қызметке жеті жыл мерзімге қайта сайланған.

Turkistan газетінде жарияланған сұхбатта президент Тоқаев өзіне Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесетіні жайлы алдын ала ескерткенін айтқан. Путин мен Назарбаев жаңа жыл қарсаңында Мәскеуде кездескен еді.

«Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді», – деген Тоқаев сұхбатында.

Тоқаев Ресей президентін «достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра білетін ерекшелігі бар» тұлға деп сипаттаған.

«Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді. Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын», – дейді Тоқаев.

Қазақстанның қазіргі президенті сұхбатында Назарбаев жайлы бұған дейін айтқан сөздерін тағы қайталаған.

«Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты», – деген Тоқаев.

Сұхбат жарияланған кезде 4 жыл толған Қаңтар оқиғалары туралы президент мынандай пікірі білдірген.

«Кейбір сот процестері, сондай-ақ, Қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды. Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды, — дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша «Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі.

«Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалған.

«Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты.  Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр», — деген президент нақты кімді меңзегенін айтпай.

Келесі
«Соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу». Киев Астананың наразылығына жауап берді

Депутат ұсынған іс. КҚК-ге шабуылды қолдағандарды тергеу басталды

Соңғы жазбалар

Франция Қазақстанда АЭС салуға көмекке дайын

Бір ауданның жерінде – АЭС. Шешім ресми түрде бекіді

3 февраля, 2026
Конституция жобасы жарияланғанда. Азаматтық қоғам асықпауға шақырды

Конституция жобасы жарияланғанда. Азаматтық қоғам асықпауға шақырды

31 января, 2026
Президент «арандататын ақпарат» үшін жауапқа тартуды заң жүзінде бекітуді ұсынды

7 трлн теңге туралы жыр. Мәлімет Ақорда сайтынан бастап өзге де сайттардан өшірілді

29 января, 2026
Қилы кезең: Депутаттар қырқысы. Нұрқаділов неге Назарбаевты қолдады?

Қилы кезең: Депутаттар қырқысы. Нұрқаділов неге Назарбаевты қолдады?

28 января, 2026
Тағы да бір сарбаз «өз оғынан» қаза тапты

Тағы да бір сарбаз «өз оғынан» қаза тапты

27 января, 2026
Президент доғарысқа кеткенде міндеті кімге жүктеледі? Ұсыныс

Президент доғарысқа кеткенде міндеті кімге жүктеледі? Ұсыныс

25 января, 2026
  • Жоба туралы
Байланыс: +7 706 678 72 25

© 2025 «Ara–media» ЖШС - Барлық қүқықтары қоғалған.

Welcome Back!

Login to your account below

Forgotten Password?

Retrieve your password

Please enter your username or email address to reset your password.

Log In
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлеумет
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Саясат

© 2025 «Ara–media» ЖШС - Барлық қүқықтары қоғалған.