2025 жылғы 11-13 шілде аралығында Шахдаг (Әзірбайжан) туристік орталығында Түркі мемлекеттері тау курорттары одағының халықаралық саммиті өтті. Оған түркі әлемінің жетекші тау шаңғысы курорттары: Шымбұлақ (Қазақстан), Шахдаг (Әзірбайжан), Улудаг (Түркия) және Әмірсой (Өзбекстан) қатысты. Жиында ортақ мүддеге негізделген шешімдер қабылданды.
Іс-шара барысында одаққа кіруге «Oi Qaragai» (Қазақстан), Tufandag (Әзірбайжан), Erciyes және Ejder3200 World Ski Center (Түркия) тәрізді төрт курорт өтініш берді.
Одақтың құрылуы туризм саласының жаһандық өсуі аясында жүріп жатыр. Тек 2024 жылы ғана туризмнің әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі 11,1 триллион долларға жетті. Бұл бүкіл әлемдік экономиканың шамамен 12 пайызын құрайды. Қазір әлемде табиғи, мәдени және спорттық демалысқа деген қызығушылықтың тұрақты өсуі байқалады. Әсіресе, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Латын Америкасы сияқты аймақтарда туризм жыл сайын 8-12 пайызға артып келеді.
Одақ Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен Шахдаг және Шымбұлақ курорттарының бастамасымен құрылған. Олардың қатарына алғашқы күндерден бастап Түркияның Улудаг және Өзбекстанның Амирсой қалалары қосылып, біртұтас туристік кеңістікті қалыптастыруға мүдделі екенін растады. Шахдагтағы бірінші саммит стратегиялық диалогтың, тәжірибе алмасудың және бірлескен туристік шешімдерді іске қосудың бастапқы нүктесі болды.
Өңірлік деңгейде Одаққа мүше елдер айтарлықтай ілгерілеуді көрсетіп отыр. Түркияда туризм бүгінде ЖІӨ-нің 12 пайызға жуығын — шамамен 61 млрд долларды құрайды. Қазақстан тұрақты өсу динамикасымен 3,8 млрд долларға (ЖІӨ-нің 3-4 пайызы) туристерді тартуда. Өзбекстандағы бұл көрсеткіш жылына 2,6 млрд доллардан айналады. Әзербайжанда туризмнен түскен табыс 4,6 млрд долларға (ЖІӨ-нің 5-6 пайызы) жетіп, алда 10-11 пайыз деңгейіне шығуды мақсат тұтып отыр. Бұл цифрлардың барлығы таулы курорттардың инвестициялар, ішкі туризм және халықаралық трафик тартылатын нүктеге айналатынын қуаттай түседі.
Осының аясында Одақтың жұмысы стратегиялық маңызға ие болады. Ол тек тәжірибе алмасу және брендтерді ілгерілету үшін ғана емес, сонымен қатар бірыңғай қызмет стандарттарын енгізу, бірлескен өнімдерді әзірлеу және туристер мен бизнес үшін ыңғайлы цифрлық шешімдерді біріктіру үшін құрылған.
Саммит қорытындысы бойынша Еуразияның туристік астанасы мәртебесін барған сайын нығайтып келе жатқан Шымбұлақта, яғни Алматыда 2026 жылы Одақтың екінші халықаралық саммитін өткізу туралы шешім қабылданды.
Саммиттің басты шешімдерінің бірі — туристерге одақтың барлық курорттарында бонустар мен жеңілдіктер алуға мүмкіндік беретін бірыңғай адалдық картасын әзірлеу болды. Жүйе қонақтардың мінез-құлық деректерін ескере отырып, жеке ұсыныстар, акциялар және маусымдық абонементтер ұсынатын болады. Сонымен қатар, интеграцияланған цифрлық платформаның прототипі таныстырылды. Бұл платформа қазірдің өзінде Түркия курорттарында қолданылуда және саяхатшылар үшін толық ақпаратты қамтитын B2C модулін, сондай-ақ туроператорлардың маршруттар мен пакеттермен жұмысын жеңілдететін B2B сегментін қамтиды.
«Бұл қазақстандық туристерге қандай пайда әкелуі мүмкін? Одақ курорттары арасында бірыңғай шарттармен және бонустармен саяхаттау мүмкіндігі, маусымдық абонементтерді қолдану , ортақ адалдық жүйесіне қатысу, цифрлық платформа арқылы турларды ыңғайлы таңдау және тәжірибе алмасу арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру,» — дейді Шымбұлақ тау куротының бас директоры Ринат Абдрахманов.
Кадрларды даярлауға да ерекше назар аударылмақ. Шымбұлақ тау курорты Pisten Bully компаниясымен серіктестікте Орталық Азия елдері үшін ратрак операторлары мен техникалық персоналды даярлау бойынша бірыңғай академия құру бастамасын ұсынды. Cондай-ақ, одақ курорттары арасында кадр алмасу бағдарламасы мен жалпы кадрлық резервті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Өңірдегі ең ірі туристік және инфоқұрылымдық орталығы — Алматы ерекше назар аударуға тұрарлық. Алматының Іле Алатауының етегіндегі бірегей географиялық мекенге орналасуы, дамыған логистика және жылына 11 миллионнан астам жолаушы оны тау туризмін дамытудың табиғи торабына айналдырады. 2024 жылы қала тек қонақ үй сегментінде 150 мыңнан астам шетелдік туристі қабылдады. Әсіресе, Үндістан мен Қытай тарапынан қарқынды өсу байқалады, бұл Азия мен Таяу Шығыс нарықтарында масштабтау әлеуетін қуаттайды.